Оқиға 12 қарашада болған. БАҚ мәліметінше, қарсыласы допты ойыншыға қатты тепкені соншалық, ол орнынан тұра алмаған.
Аргентиналық "Эсейса" клубының футболшысы Абель Нуньес үшінші дивизиондағы "Депортиво Муньиске" қарсы ойында ауыр жарақат алғаннан кейін үш күннен соң ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz
"Ол допты ерекше күшпен тепті, жасөспірімдер футболындағы 30 жылға жуық уақыт ішінде доп мұндай екпінмен ұшқанын көрген емеспін. Доп жоғары көтерілмей, төрт-бес метрден кейін Абельдің басына тиді. Бұл нокаутқа ұқсас болды. Бала ес-түссіз құлады", - деді ойында болған репортерлердің бірі.
Бастапқыда Абель ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай ол алған жарақатынан айыға алмағаны белгілі болды.
"Өмірі алда болған жас жігітпен қимастықпен әрі терең қайғыра қоштасамыз. Орны толмас қаза", – делінген клуб мәлімдемесінде.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде қаза тапқан жасөспірім туралы жаңалыққа оқиға кезінде түсірілді делінген видеолар тіркеле бастады. Негізі Аргентина чемпионатының үшінші дивизионындағы жасөспірімдер командалары ойынынан видео әлі жарияланған жоқ, ал тарап жатқан кадрлар 2026 жылғы мамырда өткен Сербия кубогі финалындағы "Црвена Звезда" мен "Воеводина" арасындағы кездесу.