Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы соңғы матчында Словакиямен 2:2 есебімен тең түсті. Қазақстандықтар өз алаңында екі рет алға шықты.
Топта бірінші орынды алдын ала иеленген Словакия екінші голын тек 90+5-минутта соқты, деп хабарлайды kznews.kz.
Алғашқы жарты сағатта екі команда да қақпа алдында аса қауіпті сәт жасай алмады. Алайда 29-минутта Ислам Чесноков есеп ашқаннан кейін ойын жанданып, екі жақ та шабуылға жиі шыға бастады.
Үзілістен кейін словактар қысымды күшейтті. 56-минутта Роберт Боженик айып алаңының ортасынан баспен соғып, есепті теңестірді. Қазақстан бұған тоғыз минуттан соң жауап берді. Ян Вороговский айып алаңының ішінен допты қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттап, құраманы қайта алға шығарды.
Қосымша уақыттың бесінші минутында Адриан Капралик есепті тағы теңестірді. Осы нәтижеден кейін Қазақстан үш ұпаймен Ұлттар лигасының C дивизионындағы үшінші топта соңғы орын алды. Словакия B дивизионына жолдаманы бұған дейін-ақ алған еді.
«Бір ұпай да бізді масқарадан құтқармайды»
Sports.kz жинаған пікірлерде словакиялық жанкүйерлер өз құрамасының қорғаныстағы қателіктерін, шабуылдағы дәлсіздігін және бас бапкер Владимир Вайсстың ойыншы таңдауын сынады. Кейбірі Қазақстанның ұйымшыл ойынын ерекше атап өтті.
«Қазақтар барлық жағынан басым болды. Бұл Словакия футболының қандай күйге түскенін көрсетеді», – деп жазды бір жанкүйер.
Тағы бір жанкүйер үшін есептен гөрі футболшылардың қимылы мен бапкердің таңдауы көбірек сынға ілікті.
«Қазақстандықтарға жүгіріп, ұйымшыл әрі бар күшін салып ойнау жеткілікті болды. Біз бірден қиналдық. Нәтиже маңызды емес. Жас футболшыларымыздың жүгіргісі келмейтіні, Вайсстың Стрелец пен Марцеллиді үнемі қолдайтыны шаршатты».
Қорғаныстағы қателер мен пайдаланылмаған мүмкіндіктерді де жанкүйерлер кешіре қоймады.
«Қандай құраммен ойнағанымыз маңызды емес. Бір ұпай да бізді масқарадан құтқармайды! Балаға тән қателіктерден гол жібереміз, ал өзіміз қақпашыға екеулеп шыққанда да гол соға алмаймыз».
Словакия соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетуі де мүмкін еді. Бірақ жанкүйерлердің бірі команда ондай нәтижеге лайық болмады деп есептейді.
«Есеп 2:3 болуы мүмкін еді. Бірақ осындай ойыннан кейін жеңіске лайық болмаған шығармыз. B дивизионында сапалырақ ойын көреміз деп үміттенемін».