ҚазҰУ студенттің өлімінен кейін университет басшылығы кадрлық шешімдер қабылдағанын хабарлады.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) бірінші курс студенті қаза тапқаннан кейін жоғары оқу орны басшылығы проректор мен факультет деканын қызметінен босатты. Тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды kznews.kz
Міндеттерін тиісінше орындамағаны, соның ішінде жатақханадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, сондай-ақ, География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.
"Сондай-ақ, сол күні кезекшілікте болған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді, қазір олардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр", – деп жазылған университеттің ресми мәлімдемесінде.
Жоғары оқу орны өкілдері барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілгенін айтты. Студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсетуге уәде берілді.
"Университет бұл оқиғаға қатысты деректі жасырмайды, тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр және іс ашық жүргізілуіне тікелей мүдделі", – деп мәлімдеді ҚазҰУ өкілдері.
Университет басшылығы қаза тапқан студенттің отбасына көңіл айтып, олармен тұрақты байланыста екенін және көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Әлеуметтік желіде бірінші курс студентінің өліміне қатысы болуы мүмкін делінген жаңа дерек пайда болды.
Ал Telegram арналарда 15 қарашада кешке екінші курс студенттері бірінші курс студенттерін "сөйлесуге" шақырғаны айтылып жатыр. Осындай нұсқалардың бірі бойынша жоғары курс студенттері кішілерден ақша талап еткен, соның салдарынан арада жанжал туындаған.
Жанжал кезінде екінші курс студенттерінің бірі бірінші курс студентінің іш тұсынан бірнеше рет соққы бергені хабарланды. Студент құлап, ес-түссіз қалған. Студенттер жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер оның көз жұмғанын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өлімге іш қуысының жоғарғы ортаңғы бөлігі тұсынан алған доғал жарақат салдарынан жүрек тоқтауы себеп болуы мүмкін.
Желідегі ақпаратқа сәйкес оқиғаға қатысушы делінген студент География және табиғатты пайдалану факультетінің студенттік өзін-өзі басқару ұйымында "қаржы министрі" қызметін атқарған көрінеді.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ студенті қаза тапқаны белгілі болды. Марқұм География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курсында оқыған.
Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.
Айта кетейік, бұл - оқу орны қабырғасындағы екінші қаза. 6 қарашада ҚазҰУ-дың студенттер қалашығында бірінші курс студенті белгісіз жағдайда қайтыс болған еді. Желіде оның журналистика факультетінің студенті болғаны хабарланды. Ол кезде Алматы полициясы қылмыстық іс қозғағанымен, қайғылы оқиғаның мән-жайын ашпаған болатын.