Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамнан Қазақстанға қашан экстрадицияланатынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
13 cәуірде интерпол арналары арқылы іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталған болатын. Ол әлі елге қайтарылмады.
Қайсар Қамзаны Вьетнамнан Қазақстанға алдыру бойынша жұмыстар әлі біткен жоқ. Қарастырылып жатыр. Ең алдымен сот шешімі шығуы керек. Сот азаматты кінәлі деп таныса, екі жақты құжат негізінде оны елге қайтарамыз, – деді Әлібек Бақаев.
Еске сала кетейік, блогерге заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдік тағылған. 2,4 млн оқырманы бар блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық бейнематериалдарын орналастырып, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан.
Ақпаратқа сүйенсек, өз қызметінің нәтижесінде Қайсар Қамза 100 млн теңгеден астам мөлшерде заңсыз табыс тапқан. Ақшалай қаражат оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған.
Бұған дейін блогерге қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда тіркелгені хабарланған болатын. 2025 жылы Туризм және спорт министрлігі Қамзаны заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген құқық бұзушылар тізіміне қосқан еді. Сол кезде оған 1 179 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.