Ресейлік блогер Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне арналған бейнеролик жариялап, онда елді "тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі" деп атады.
Видеода автор тұрмыстық зорлық-зомбылықтың таралуына ықпал етеді деп санайтын бірқатар әлеуметтік және мәдени факторларды талдайды. Оның пікірінше, қоғамның бір бөлігінде ер адам отбасының сөзсіз басшысы болуы керек деген дәстүрлі көзқарас әлі де сақталған.
Сондай-ақ, блогер ресми статистикаға сүйене отырып, зорлық-зомбылық қылмыстарының елеулі бөлігі отбасы аясында жасалатынын айтады. Оның пікірінше, мемлекет бұл мәселемен күресуге бағытталған шараларды қабылдағанымен, қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып келеді.
Алайда, бұл баға әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды. Бірқатар қолданушылар Варламов көтерген мәселенің өзектілігін мойындаса, енді біреулері оның Қазақстандағы жағдайды біржақты көрсетіп, "эпицентр" деген анықтаманы негізсіз қолданғанын алға тартты.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы елімізде соңғы жылдары кеңінен талқыланып келеді. Әсіресе, қоғамда кеңінен резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін қабылданған, бейресми түрде "Салтанат заңы" аталып кеткен заңнамалық өзгерістер осы мәселеге қоғамдық назарды күшейтті. Соның нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, жәбірленушілерді қорғау тетіктері кеңейтілді.
Варламовтың видеосы да осы тақырыптың қоғам үшін әлі де өзекті екенін және оған қатысты пікірлердің әртүрлі екенін тағы бір рет көрсетті.
Статистика демекші, 2025 жылдың алғашқы айларында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы полицияға түскен хабарламалар саны арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20–21 пайызға азайған екен. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр тұрмыстық қылмыстардың да төмендегені айтылады.
Алайда, құқықтық статистикада қылмыстық істердің саны артқаны байқалады. 2024 жылы отбасылық-тұрмыстық саладағы адамға қарсы 3 357 қылмыстық іс тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 672 іске жеткен. Мамандар мұны зорлық-зомбылықтың күшеюінен емес, заңнаманың қатаңдауынан және бұрын әкімшілік жауапкершілік қарастырылған кейбір әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауысуымен түсіндіреді.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, заң күшіне енгеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 19 мыңнан астам фактісі жәбірленушінің ресми арызынсыз-ақ анықталған. Бұл полицияның, мобильді топтардың, әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың және куәгерлердің мәліметтері негізінде тіркелген.
Тоқетерін айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистиканы бағалағанда екі үрдісті қатар ескерген жөн. Біріншіден, ауыр қылмыстар мен полицияға түсетін хабарламалар азайып келеді екен. Екіншіден, қылмыстық істердің көбеюі құқықтық бақылаудың күшеюімен және заңнаманың өзгеруімен байланысты болып отыр.