Қазақстан өзінің стратегиялық байлығы саналатын мыс шикізатын шетелге экспорттау арқылы миллиардтаған долларлық қосымша табысты өзге мемлекеттерге өз қолымен ұстатып отыр.
Қазақстан мыс концентратын экспорттап, оны әрі қарай өңдеуден түсетін табыстың бір бөлігін шетелде қалдырып отыр. Экономист Юрий Масанов Facebook-тегі жазбасында бұған елдегі мыс балқыту қуатының жетіспеуі себеп екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарында «Aurubis» компаниясымен құрамында мыс бар күрделі шикізатты өңдеу, қосымша металдарды бөліп алу және қайталама ресурстарды пайдалану мәселелері талқыланғанын еске салды.
«Қазақстанда мыс қоры мол болса, оны өңдеудің келесі кезеңінің едәуір бөлігін неге әлі күнге дейін басқа елдерге қалдырып отырмыз?» дейді Масанов.
Экономист келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанның тауар экспорты шамамен 79 млрд доллар болған. Оның 4,1 млрд доллары тазартылған мыс пен мыс қорытпаларына, 2,8 млрд доллары мыс кені мен концентраттарына тиесілі. Бұл жалпы экспорттың тиісінше 5,2 және 3,6 пайызы, ал екеуінен түскен түсім 7 млрд долларға жуықтаған.
Масановтың түсіндіруінше, катодты мыс шығарылғанда металлургиялық өңдеудің едәуір бөлігі Қазақстанда жасалады. Ал концентрат шетелге кеткенде оны балқыту, тазарту және құрамындағы өзге металдарды бөліп алу жұмыстары да сол жақта жүреді.
«Шикізат өзіміздікі, ал өңдеудің келесі кезеңі мен сол кезде жасалатын қосымша құн басқа елдің экономикасында қалады», дейді ол.
Оның шамалауынша, Қазақстан жыл сайын концентрат құрамында 750–800 мың тонна мыс алады. Соның шамамен 470 мың тоннасы ел ішінде катодты мысқа дейін өңделсе, қалған 280–330 мың тоннасы концентратпен бірге экспортталады.
Экономист есепке үлгі ретінде Балқаштағы жаңа мыс балқыту жобасын алған. Зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын шығаруға есептелген.
Осы көрсеткіштер мен шартты бағаларды қолданғанда мыстың құны 4,35 млрд, алтындікі 1,35 млрд, күмістікі 600 млн, күкірт қышқылынікі 150 млн доллар болады. Мұндай сценарийде қазір 2,8 млрд долларға экспортталатын шикізаттан жылына 6,45 млрд долларға дейін өнім шығуы ықтимал. Алайда нәтиже концентраттың құрамына, технологияға және нарықтағы бағаға байланысты.
«Бұл айырма Қазақстанның тікелей шығыны дегенді білдірмейді. 6,45 млрд доллар пайда емес, күрделі және күнделікті шығындар шегерілгенге дейінгі өнім құны», деп жазады Масанов.
Ол концентраттағы металдар тегін берілмейтінін де ескертеді: бағасына мыс, келісімшартқа қарай алтын мен күміс кіреді, алайда есептен технологиялық шығындар, тасымал ақысы, кейде қажетсіз қоспалар үшін айыппұлдар шегеріледі.
Балқаш жобасына салынатын жеке инвестиция 750 млрд теңгеге бағаланып, зауытты іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Бұған қоса, елде жылына шамамен 300 мың тонна катодты мыс шығаратын тағы бір ірі жоба көзделген.
«Мақсат экспортқа жай ғана тыйым салып, бәрін ел ішінде өңдеу емес. Жаңа кен орындарын іздеуге, өндіруді арттыруға және Қазақстандағы өңдеуге қаржы салуға қатар тиімді жағдай жасау керек», дейді экономист.
Оның айтуынша, катодты мыстан кейін сым, кабель, фольга, қорытпа және электр техникасына арналған өнімдер шығару кезеңдері бар, ал Қазақстанда мұндай өнімдердің үлесі әзірге өте аз.