Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың ұлы Нұрлан Асқарбеков Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген жаңа IT-компанияның басшысы болып тағайындалды.
Ашық деректерге сәйкес, Pivot Limited компаниясы 2026 жылғы 2 қазанда тіркелген. Компания ақпараттық технологиялар саласында бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және тестілеу, жасанды интеллект пен робототехникаға негізделген шешімдер жасау, бизнес-процестерді автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, ғылыми-зерттеу жұмыстары және техникалық қолдау бар.
Нұрлан Асқарбеков компанияны басқарумен қатар оның меншік құрылымына да қатысады. DalaNews мәліметінше, оның Pivot Limited-пен байланысы Circle Limited және Sonder Limited компаниялары арқылы жүзеге асады.
Сондай-ақ Sonder Limited компаниясының тең құрылтайшылары ретінде Нұрлан Асқарбеков пен Haichuan Shen көрсетілген.
Бұл Асқарбековтің алғашқы бизнес-жобасы емес. Бұған дейін ол Sonder Holdings, Sonder Limited, General Creativity Enterprise Limited компанияларын, сондай-ақ Steppe Coffee кофеханасын басқарғаны хабарланған.
Әзірге ашық дереккөздерде Pivot Limited компаниясының жүзеге асырған жобалары, клиенттері немесе мемлекеттік тапсырыстары туралы мәлімет жарияланбаған. Компания жуырда ғана тіркелгендіктен, оның нақты қызмет нәтижелері кейін белгілі болуы мүмкін.