Тележүргізуші Диана Скатова мен жұбайы Сұлтан Нұрбеков шаңырақ көтерер алдында үш жыл бойы арақашықтықтағы қарым-қатынасты сақтап келгендерін айтып, сол кезеңдегі қиындықтарын әңгімеледі, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақында жұптың құдалық және ұзату рәсімдері өтіп, қуанышты сәттердің видеолары әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кейін олар тележүргізуші Анна Данченкоға берген сұхбатында қарым-қатынастарының оңай болмағанын жасырмады.
Сұлтан Нұрбековтің айтуынша, екі жақта жүріп, арақашықтықтағы сезімді сақтау үлкен төзімді талап еткен.
“Меніңше, қыз балаға бұл әлдеқайда қиын. Біз көбіне жұмысқа беріліп кетеміз. Бірге бола бастағаннан-ақ түрлі сынақтарға тап болдық. Соның бәрінен өтіп, бүгінгі бақытты күнге жеттік”, – деді ол.
Диана Скатова да бұл пікірмен келісіп, үш жыл бойы бір-бірінен жырақ жүру екеуіне де оңай тимегенін айтты.
“Ұрысқың келсе де, еркелегің келсе де жаныңда болмайды. Осындай сәттердің бәрінен өтіп, қарым-қатынасымызды әдемі аяқталатын кезеңге жеткіздік. Егер мінезіміз әлсіз болғанда, мұның бәріне шыдау қиын болар еді”, – деді тележүргізуші.
Сондай-ақ Диана Скатова жұптың үйлену тойын бірден емес, арада үш жыл өткен соң өткізгендерін айтты. Оның сөзінше, бұл уақыт олардың сезімін де, сабырын да сынаған ерекше кезең болған.