Сот үкімін орындаудан жалтарған қазақстандық Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бас прокуратура заңды күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеуден жалтарған Қазақстан азаматшасын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Аталған азаматша Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан сотының 2024 жылғы 10 мамырдағы үкімімен адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы күш қолданып тонау және ұрлық жасау қылмыстары бойынша кінәлі деп танылған. Сот оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
"Алайда пробациялық бақылауда болғанына қарамастан, 2025 жылғы наурызда ол жазаны өтеуден жалтарып кеткен. Осыған байланысты сот оның өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күндік бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айырумен алмастырып, іздеу жариялаған", - делінген хабарламада.
2025 жылғы қарашада сотталған азаматша Ресей Федерациясының аумағында ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші негізінде ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта сотталған азаматша жазасын әрі қарай өтеу үшін тергеу изоляторына қамалды.