Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі жанданып, олар азаматтық қоғамның маңызды институтына айналып келеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазіргі таңда елімізде 18 мыңға жуық белсенді ҮЕҰ жұмыс істейді. Ұйымдар түрлі әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық даму бағыттарында еңбек етіп, шамамен 98 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінетін қаражаттың 60 пайыздан астамы халыққа әлеуметтік маңызы бар қызметтерді көрсетуге бағытталған. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысып, мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы, алдағы кезеңде Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін бағалайтын арнайы индикатор енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, 2030 жылға дейін ҮЕҰ қызметінің үлесін экономикалық қызмет түрлерінің жалпыұлттық жіктеуішіне енгізу көзделіп отыр. Бұл азаматтық сектордың экономика мен қоғамдағы нақты үлесін бағалауға мүмкіндік береді.