Құжат Ресейдің энергетика және қорғаныс секторларына, сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге пайдаланылатын «көлеңкелі флотқа» бағытталған. Иранға қатысты бұған дейін енгізілген шектеулердің мерзімі тағы бес жылға ұзартылды, деп хабарлайды kznews.kz
Заң жобасын республикашыл сенатор Линдси Грэм әзірлеген. Ол 2026 жылдың шілдесінде қайтыс болғаннан кейін құжатқа саясаткердің есімі берілді. Бұған дейін Грэм бұл шараларды Ресейге қарсы «жойқын» немесе «тозақ санкциялары» деп атаған еді.
Жаңа заң Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын ірі мемлекеттердің АҚШ-қа жеткізетін тауарларына 100 пайызға дейін қосымша баж салығын енгізуге мүмкіндік береді. Алайда бұл шектеу барлық елге бірден әрі автоматты түрде қолданылмайды. Қай мемлекетке қандай мөлшерде тариф енгізілетінін АҚШ президенті айқындайды.
Қазақстан үшін ықтимал тәуекел ресейлік газ импортымен байланысты. 2026 жылы еліміздің «Газпромнан» сатып алатын газ көлемі 4 миллиардтан 11 миллиард текше метрге дейін өскені айтылған. 2027 жылға тағы шамамен 9 миллиард текше метр газ жеткізу мәселесі талқыланып жатыр.
Дегенмен бұл Қазақстанға міндетті түрде санкция салынады деген сөз емес. Заңның соңғы мәтінінде тариф қолданылатын елдердің нақты тізімі көрсетілмеген. Қазақстан бастапқы түзетулердің бірінде аталғанымен, бұл ұсыныс қабылданбады. Сондықтан әзірге елімізге тікелей шектеу енгізілген жоқ. Бірақ АҚШ кейін ресейлік энергия сатып алатын мемлекеттерге қосымша тариф қолдануға шешім қабылдаса, Қазақстан да ықтимал тәуекел аймағына енуі мүмкін.