Ресей президенті Владимир Путин барлық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына "Мемлекеттік мәртебедегі орыс тілі" пәнін енгізуді тапсырды. Бұл туралы The Moscow Times басылымы жазып отыр.
Тиісті тапсырма Кремльдің ресми сайтында да жариялаған. Онда тапсырманың орындалуына Ресейдің ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков жауапты болып белгілені айтылады. Ал атқарылған жұмыстар туралы есеп 2029 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұсынылуы тиіс екен.
Және бұл орыс тілінің мәртебесіне қатысты соңғы жаңалық емес. Сонымен қатар, Ресейдің Білім министрлігіне балалар лагерлерінде орыс тілі мен әдебиетін насихаттауға арналған арнайы ауысымдарды ұйымдастыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл бағыттағы ұсыныстар биылғы 1 желтоқсанға дейін дайын болуы қажет. Жауапты ретінде министр Сергей Кравцов белгіленіпті.
Сондай-ақ, Орыс тілі жөніндегі кеңеске Халықаралық орыс тілі ұйымына орыс тілін "ұлтаралық қатынас тілі" ретінде халықаралық деңгейде ілгерілетуге қолдау көрсету тапсырылғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, В. Путин 1-қазанға дейін Ресейдің мемлекеттік тіл саясатының негіздеріне өзгерістер енгізу туралы президент жарлығының жобасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысқа Президент жанындағы Орыс тілі жөніндегі кеңестің төрайымы Елена Ямпольская жауап береді.
Әрине, бұл жаңалық Ресейдің ішкі ісі. Дегенмен, көрші елдің тілге қатысты саясатының өзгеруіне қазақ қоғамы бейжай қарай алмайды. Жалпы, Ресейдің бұл бастамасы ел ішінде орыс тілінің мәртебесін күшейтуге бағытталған саясаттың жалғасы ретінде бағалануда. Сонымен бірге Мәскеу орыс тілін халықаралық кеңістікте, әсіресе ТМД елдері мен бұрынғы кеңестік республикаларда ұлтаралық қатынас тілі ретінде сақтауға және кеңейтуге басымдық беріп отырғанын аңғартады.
Иә, Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі Конституцияға сәйкес мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылады. Сондықтан, Ресейдің бұл шешімі Қазақстанның тіл саясатын тікелей өзгертпейді екен. Дегенмен білім беру, мәдени-гуманитарлық байланыстар және ақпараттық кеңістік тұрғысынан екі ел арасындағы ынтымақтастыққа белгілі бір ықпал етуі мүмкін.
Тоқетерін айтқанда, Ресейдің тіл саясатының күшеюі көрші елдерде ұлттық тілдерді дамытуға бағытталған саясатпен қатар жүретін үдеріс ретінде қарастырылуы да ықтимал.