Ресейдің құрылыс нарығы құлдырады: Қазақстанға қандай әсері бар?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ресейдің құрылыс нарығы құлдырады: Қазақстанға қандай әсері бар?

Ресейдің құрылыс нарығы құлдырады: Қазақстанға қандай әсері бар?
Фото: ria.ru

Көрші Ресейдегі құрылыс саласы соңғы 10 жылдағы ең ірі құлдырауға ұшыраған. Бұл туралы "Известия" басылымы жариялады.

Басылым РосСтат агентігінің деректеріне сүйене отырып, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Ресейдегі құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға төмендеді деп тұжырымдайды. Бұл 2015–2016 жылдардан бергі саладағы ең ұзақ әрі ең ірі құлдырау болып отыр екен.

Ал РосСтат мәліметінше, тұрғын үй құрылысы да айтарлықтай қысқарғаны байқалады. Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі шамамен 22 пайызға азайған.

Айтпақшы, сарапшылар мұны биыл 1-ақпаннан бастап Ресейдегі "отбасылық ипотека" бағдарламасына енгізілген шектеулермен байланыстырады. Соның салдарынан жаңа тұрғын үйге сұраныс төмендеп, құрылыс компаниялары жаңа жобаларды кейінге шегере бастаған. Бұған қоса, 1-қазаннан бастап бір баласы бар отбасылар үшін осы бағдарлама бойынша ипотека мөлшерлемесін екі есеге жуық көтеру жоспарланып отыр екен.

Әлбетте, Ресейдегі құрылыс саласының құлдырауы Қазақстанға да жанама әсер етуі мүмкін. Өйткені, екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 30 млрд долларға жуық. Оның ішінде құрылыс саласының да үлесі бар. Яғни, көрші елде Ресейде құрылыс нарығы баяуласа, Қазақстаннан экспортталатын металл, цемент, құрылыс материалдары мен басқа да өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс төмендеуі ықтимал. Бұл отандық өндірістің экспорттық әлеуетіне кері әсер етуі мүмкін. Екіншіден, жалпы экономикадағы инвестициялық белсенділік те төмендейді. Яғни, ресейлік девелоперлер мен инвесторлар жаңа жобаларды қысқартса, ол Қазақстанмен бірлескен жобаларға да әсер етуі мүмкін екен.

Үшіншіден, кейбір құрылыс материалдары арзандауы мүмкін. Бұл үй салып жатқан қазақтарт үшін жағымды жаңалық, әрине. Өйткені, ресейлік өндірушілер ішкі сұраныс азайған жағдайда өнімдерін Қазақстан нарығына көбірек шығаруға тырысатыны сөзсіз. Ал бұл ішкі нарықтағы баға бәсекесіне тікелей әсер етеді.

Дәл осы жағдай қазір тамақ өнімдері нарығында қалыптасқанын көріп жүрміз.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.