АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі ірі қорғаныс компаниялары қару-жарақ өндірісін едәуір көбейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Трамптың айтуынша, бұл шешім қорғаныс өнеркәсібінің жетекші компанияларының басшыларымен өткен кездесуден кейін қабылданған. Кездесуде қару-жарақ өндірісінің көлемі мен оны шығару кестесі талқыланған.
Президенттің сөзінше, жиынға BAE Systems, Boeing, Honeywell Aerospace, L3Harris Missile Solutions, Lockheed Martin, Northrop Grumman және Raytheon компанияларының бас директорлары қатысқан.
"Олар "эксклюзивті кластағы" қару-жарақ өндірісін төрт есеге арттыруға келісті. Біз мүмкіндігінше тезірек ең жоғары өндіріс көлеміне жетуді көздеп отырмыз", – деді Трамп.
Ақ үй басшысы өндірісті кеңейту жұмыстары бұл кездесуден үш ай бұрын басталғанын да атап өтті. Қазір жаңа зауыттардың құрылысы жүріп жатыр және қару-жарақтың кейбір түрлері шығарылып жатыр. АҚШ-тың әртүрлі штаттары жаңа өндіріс орындарын өз аумағында орналастыру үшін өзара бәсекеге түсуде.
Трамптың айтуынша, АҚШ-та орта және жоғары деңгейдегі оқ-дәрілердің қоры іс жүзінде шексіз.
"Мұндай қаруларды біз, мысалы, Иранда қолданамыз, ал жуырда Венесуэлада да пайдаландық. Соған қарамастан, осы санаттағы оқ-дәрілерге берілетін тапсырыстарды тағы да көбейттік", – деді ол.
Сондай-ақ Трамп екі айдан кейін қорғаныс өндірісіне қатысты тағы бір кеңес өтетінін айтты.