АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды жауап соққы жасаудан сақтандырды. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Иран бүгін бұрын-соңды болмаған өте қуатты соққы жасайтынын мәлімдеді. Оларға мұны істемегені дұрыс, өйткені егер олар осындай қадамға барса, біз оларға бұрын ешқашан болмаған күшпен соққы жасаймыз! Осы мәселеге назар аударғандарыңыз үшін рақмет", – деп жазды америкалық көшбасшы.
Бұған дейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) елдің Жоғарғы жетекшісі Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін "Иран қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясын" бастайтынын мәлімдеген еді. Иран үкіметі елде 40 күндік жалпыұлттық аза тұту жариялап, 7 күнді демалыс күні деп бекітті.
Ирандық БАҚ мәліметінше, Хаменеидің қазасынан кейін елдің ірі қалаларындағы басты алаңдарға мыңдаған адам жиналып, кек алуды талап етуде. Сонымен қатар елде жаппай қаралы шаралар өтіп, мешіттерде қаралы тулар көтерілген.