Әлем

Мадуроны әкеткен АҚШ Путинге де көз тіге ме? Трамп шұғыл мәлімдеме жасады

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Мадуроны әкеткен АҚШ Путинге де көз тіге ме? Трамп шұғыл мәлімдеме жасады
ТАСС / АР

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинге қатысты "ұстап әкету" сипатындағы арнайы операция жүргізу қажет емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Fox News тілшісіне Ақ үйде мұнай-газ компанияларының басшыларымен өткен кездесу барысында айтқан, деп хабарлайды kznews.kz.

Трамптың сөзінше, ол мұндай қадамды орынсыз деп санайды.

"Мен бұны қажет деп ойламаймын. Мен әрдайым оның жеке өзімен жақсы қарым-қатынаста болдым", – деген АҚШ президенті.

Сонымен қатар Дональд Трамп Украинадағы келіссөздер үдерісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Ол бұған дейін бірнеше халықаралық қақтығысты реттеуге атсалысқанын еске салып, Украинадағы соғысты бастапқыда ең жеңіл немесе орташа деңгейдегі жанжалдардың бірі болады деп есептегенін айтты.

Еске салайық, 3 қаңтар күні АҚШ әскері арнайы операция жүргізіп, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті ұстап әкеткен болатын. АҚШ БАҚ-тарының хабарлауынша, олар Бруклиндегі тергеу изоляторына қамалған. Венесуэла басшысына есірткі терроризмі, кокаин контрабандасы, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау, сондай-ақ қастандық ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылған.

Бұл жағдайға байланысты Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған әрекетін "қарусыз агрессия" деп бағалап, жағдайды ушықтырмауға және мәселені диалог арқылы шешуге шақырды. Сондай-ақ ресейлік ведомство АҚШ әкімшілігін Мадуро мен оның әйелін босатуға үндеді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz