Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен ықтимал бейбіт келісім жайлы пікір білдіріп, бұл мәселеде шешім қабылдау оңай еместігін атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Дублинде Ирландия премьер-министрі Михаэль Мартинмен өткен баспасөз мәслихатында Зеленский кез келген шешімнің әділ болуы және Украина мүддесін ескеріп қабылдануы керектігін ерекше айтты.
"Оңай шешімдер жоқ. Мәселе олардың қаншалықты қиын екенінде емес, әділ болуында. Мен шешім қабылдай аламын, бірақ бізден тыс ешкім біз туралы шешім шығармауы тиіс", – деді ол.
Президенттің сөзінше, Ресейдің соғыс әрекеттерін дер кезінде тоқтатпасақ, болашақта қақтығыстың қайта жалын қағуы мүмкін.
"Біз оларды тоқтатуға тиіспіз. Әйтпесе бір жылдан кейін үшінші мәрте келіп, тағы шабуыл жасау қаупі бар. Бұл қайталанбайтынына кім кепіл? АҚШ-қа ризамыз, олар кепілдік беруге дайын, бірақ біз бұл кепілдіктерді нақты көргіміз келеді. Бізге анық әрі түсінікті қауіпсіздік тетіктері қажет", – деді Зеленский.