Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы, түрікмен халқының Ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент әңгіме барысында Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық, бақ-береке және бауырлас Түрікменстанның игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аркадаг Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Телефон арқылы сөйлесу барысында тараптар қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейін оң бағалап, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.