Рейтинг қуу заманы артта қалды: Әкімдер мен министрлерді бағалаудың жаңа жүйесі несімен тиімді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Енді зейнет жасын күтпей-ақ өмір бойы төлем алуға болады

Енді зейнет жасын күтпей-ақ өмір бойы төлем алуға болады
Ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тетіктің шарттары мен төлем алу тәртібін түсіндірді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тетіктің шарттары мен төлем алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz

Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдерінің көлемі 81,5 млрд теңгеге жеткен. Ал сақтандыру жарналары 624,7 млрд теңгені құраған.

Зейнетақы аннуитеті азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударып, өмір бойы тұрақты төлем алып отыруға мүмкіндік береді.

– Зейнетақы аннуитеті бойынша азамат өзінің зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Ал компания оған өмір бойы тұрақты төлем жасап отыруға міндеттеме алады. Демек, төлем адамға өмір бойы беріледі. Тіпті төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем жалғаса береді, – делінген министрліктің хабарламасында.

2026 жылы зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем алуға ерлер 55 жастан, әйелдер 53 жастан бастап құқылы. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.

Сонымен қатар кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті қарастырылған. Оны 45 жастан бастап рәсімдеуге болады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген азаматтар мұндай келісімшартты 40 жастан бастап жасай алады. Алайда бұл төлемдер бірден басталады дегенді білдірмейді. Қаражат заңнамада және келісімшартта белгіленген жасқа жеткеннен кейін төленеді.

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеудің негізгі шарты – азаматтың зейнетақы шотында жеткілікті қаражат болуы. Қажетті сома әр адамға жеке есептеледі. Бұл ретте оның жасы мен болашақ төлемдердің мөлшері ескеріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер жыл сайын кемінде 8 пайызға индекстеледі. Сондай-ақ келісімшартта кепілдік берілген төлем кезеңін белгілеуге болады. Егер азамат осы мерзім аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер шартта көрсетілген тәртіппен мұрагерлеріне беріледі.

Маңыздысы, зейнетақы аннуитеті бойынша төлем алып жүрген адам жұмысын жалғастыра алады. Алайда аннуитет рәсімдеу мемлекеттік зейнетақыны мерзімінен бұрын алу құқығын бермейді. Мемлекеттік зейнетақы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тағайындалады.

Ведомство азаматтарға келісімшарт жасамас бұрын сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстыруға кеңес береді. Әсіресе алғашқы төлемнің мөлшеріне, жыл сайынғы индексацияға, кепілдік кезеңіне және шартты өзгерту талаптарына назар аудару қажет.

Болашақ төлемдердің болжамды мөлшерін өмірді сақтандыру компанияларынан білуге болады. Сондай-ақ БЖЗҚ-ның enpf.kz сайтындағы зейнетақы калькуляторы арқылы жинақтаушы қордан және сақтандыру компаниясынан алатын төлемдерді салыстыруға мүмкіндік бар.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.