Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қызметіне Біріккен Араб Әмірліктері ұсынған Лана Заки Нусейбенің кандидатурасын қолдады. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
СІМ мәліметінше, БҰҰ Бас хатшысын сайлау барысында Қауіпсіздік Кеңесінде ортақ келісімге келу күрделеніп отыр. Сондықтан кандидаттар қатарын кеңейту өзара қолайлы шешім іздеуге мүмкіндік береді екен. Бұл жағдайда Астана жаңа Бас хатшыны таңдау үдерісі ашық әрі инклюзивті болып, үміткерлердің кәсіби біліктілігіне негізделуі қажет деп санайды. Яғни, Қазақстанның ұстанымы ұйымның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін күшейту және жаһандық мәселелерді шешу тиімділігін арттыру қажеттігімен байланысты болып отыр.
Айтпақшы, БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің өкілеттік мерзімі биылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Жаңа басшы 2027 жылдың қаңтарынан бастап қызметіне кірісуге тиіс. БҰҰ Жарғысына сәйкес, Бас хатшы Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынымы негізінде Бас Ассамблея тарапынан тағайындалады. Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің кез келгені үміткерге вето қоя алады. Сондықтан сайлау барысында халықаралық саяси келісім маңызды рөл атқарады.
Жалпы, Лана Нусейбенің кандидатурасын қолдау Қазақстанның БҰҰ-ны нығайту және сайлау үдерісінде келісімге келу жөніндегі ұстанымының көрінісі ретінде бағалануда. Алайда, Қазақстанның қолдауы оның бірден Бас хатшы болып сайланатынын білдірмейді. Түпкілікті шешім БҰҰ-ның белгіленген рәсімдеріне сай қабылданбақ.
Лана Заки Нусейбе – БАӘ-нің мемлекеттік министрі, тәжірибелі дипломат. Ол 2013–2024 жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Осы кезеңде БҰҰ Бас Ассамблеясы төрағасының орынбасары, БҰҰ-ның Әйелдер ұйымы атқарушы кеңесінің президенті болған. Сондай-ақ, БАӘ-нің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі кезінде екі рет Кеңес төрағалығын атқарған. Оның дипломатиялық қызметі халықаралық қауіпсіздік, гуманитарлық көмек, тұрақты даму және БҰҰ реформасы мәселелерін қамтиды.