"Жалпы Алматыда жер тапшы екені белгілі. Бірақ Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, қалада 3,7 мыңнан астам гектар жер пайдаланылмай отыр. Оның бәрін толыққанды экономикалық айналымға енгізу қажет", – деді президент.
Мемлекет басшысы Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты. "2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма?" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады. "Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экологияға, оның ішінде, екінші ЖЭО-ның қайта жөндеу жұмыстарының бағасын қымбаттатпауға және оны созбалаңға салмауға, үшінші ЖЭО-ны жаңғыртуға, жеке секторға газ тартуды аяқтауға, көліктерге жанар-жағармайдың таза түрлерін пайдалануға, қалдықтарды пайдаға жаратуға, Сайран суқоймасы айналасындағы аумақты абаттандыруға және қалпына келтіруге ерекше тоқталды. «Жасыл» алапты біртіндеп кеңейту өзекті міндет болып отыр. Президент бұл мәселеде ағаштардың заңсыз оталуына және бақтардың жойылуына, оның ішінде, қаланың тарихи орталығындағы көгалдарға қатысты алаңдаушылығын білдірді. "Қаланы көгалдандыру мәселесінде науқаншылыққа, ұқыпсыздыққа және әлдекімдердің мүдделерін қолдауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселеде ғылыми көзқарасқа, кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланы үйлесімді дамытуға басымдық берілуі керек. Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз", – деді мемлекет басшысы. Президент Алматы агломерациясындағы қала маңын және елді мекендерді дамыту қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматы – Қазақстандағы ең үлкен қала ғана емес, еліміздегі агломерацияның ірі орталығы. Алматы қаласы мен Алматы облысының даму мәселесін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Негізгі сапалы жұмыс орындары қалада жасақталады. Бұл мерзімдік миграцияны ынталандырмай тұрмайды, – деді Президент.Мемлекет басшысы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды деп санайды. Ол үшін қаланың кейбір аудандарын жарықтандыру, бейнебақылау камераларының интеллектуалдық әлеуетін пайдалану және оларды Жедел басқару Орталығына интеграциялау жөніндегі мәселелерді шешу қажет. Президент сөз соңында Алматы әкіміне жүктелген міндеттерді мұқият іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы президент әкімшілігінің бақылауында болатынын атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпкерлерді салықты әділетті төлеуге шақырды
28 ақпан, 2025