Президент жасанды интеллект дәуіріндегі өзгерістерге жауап ретінде құрылысқа басымдық беру қажеттігін атап өтті.
«Осылайша, жасанды интеллект дәуіріне бүкіл халық болып беретін ортақ жауабымыз – құрылыс салу, тағы да қайталап айтамын, құрылыс салу!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары да бар.
Сонымен бірге барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруге тиіс. Тұрғын үй салу да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Президент Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл бастамалардың барлығы ел игілігіне, әсіресе өскелең ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылмақ.
«Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді», – деді Мемлекет басшысы.