Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы Кәрім Көкірекбаев жазасын өтеуді жалғастырады.
Алматы облыстық соты аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға сотталған бұрынғы шенеунікті мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды kznews.kz.
2026 жылғы 17 қарашада Алатау қаласының соты Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулы шығарған болатын. Мұндай ұсынысты экс-әкім жазасын өтеп жатқан №57 түзеу мекемесінің басшылығы енгізген.
Алайда прокуратура аталған шешіммен келіспей, оның күшін жою туралы өтінішхат түсірген. Істі қайта қараған Алматы облыстық соты өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.
«Сотталған адамның сырқатының ауырлық дәрежесі жазаны өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді сот.
Нәтижесінде апелляциялық сот алдыңғы қаулының күшін жойып, Көкірекбаевты жазасын өтеуден босатудан бас тартты.
Сонымен қатар сот алқасы Алматы облысының прокуратурасына, Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктеріне қатысты жекеше қаулылар шығарды.
Атап айтқанда, бұрынғы шенеунікті босатуды қолдаған прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің әрекеттеріне қатысты мәселелер көтерілді. Сондай-ақ сот Көкірекбаевтың денсаулық жағдайы жазасын одан әрі өтеуге мүмкіндік бермейді деген қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарауды талап етті.
Апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енді.
Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталған еді?
Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарып тұрған кезінде ұсталған болатын.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Көкірекбаев пен оның орынбасары Әділет Ахатаев «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою және мердігерге қамқорлық көрсету үшін пара алған. Параның жалпы сомасы 396 млн теңгені құраған.
Қылмыстық іс Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарына да қатысты болған. Сот барысында іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қойылғаны анықталды. Салдарынан мемлекетке 1 млрд 987 млн теңгеден астам залал келген.
Бір қызығы, 2024 жылдың маусымында алқабилер Көкірекбаевты ақтап шыққан болатын. Алайда прокуратураның шағымынан кейін сол жылдың 25 шілдесінде ақтау үкімінің күші жойылып, экс-әкім сот залында қайта қамауға алынды.
2025 жылғы 3 шілдеде істі қайта қараған сот Кәрім Көкірекбаевты 12 жылға, ал оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен кәсіпкер Андрей Поплавскийді 11 жылға бас бостандығынан айырды. Үшеуі де мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Айта кетейік, 69 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2013 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың қаңтарына дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған. Ал 2019 жылдың тамызында «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы болып тағайындалған.