Абай облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир жүргізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған 26 жастағы қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Тікелей эфир кезінде бойжеткен былапыт сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен. Сонымен қатар полицияның дерегіне сәйкес, ол эфир барысында есірткі қолданғанын да мәлімдеген.
Тәртіп сақшылары оның жеке басын жедел анықтады. Белгілі болғандай, ол – Түркістан облысының 26 жастағы тумасы. Қазіргі уақытта Семей қаласында уақытша тұрады. Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған кезде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Сот шешімімен азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың әрқайсысына міндетті түрде құқықтық баға берілетінін ескертті.
«Интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір дерегі тиісті құқықтық бағасын алады, ал құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді ведомство.