Боранбаев кездесуден алған әсерімен Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, былтыр «Реал Мадрид» Алматыға келген кезде клуб президенті Флорентино Перес Қазақстанға келе алмаған. Осы жолы испаниялық басшы оны Мадридке қонаққа шақырған.
«Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Мадридте «Реал Мадрид» президенті Флорентино Переспен кездесіп, одан ерекше сыйлық алды. Испаниялық клуб басшысы қазақстандық кәсіпкерге арқасында «KAIRAT 1» жазуы бар футболка сыйлаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайрат Боранбаев Испанияға УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде жұмыс сапарымен барған. Сапар барысында ол «Реал Мадрид» пен «Сельта» арасындағы матчты тамашалап, ойын алдында Переспен футбол жайында әңгімелескен.
«Президентпен футбол туралы әңгімелестік, ол маған KAIRAT 1 деп жазылған футболка сыйлады. Мұнда кім бірінші нөмір екенін білмеймін: мен бе, әлде “Қайрат” футбол клубы ма. Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын», – деп әзілдеді Боранбаев.
Клуб басшысы «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуын академия мен жүйелі жұмыстың жемісі деп бағалады. Оның сөзінше, команда жетістіктері алдағы үлкен мақсаттардың бастамасы ғана.
Айта кетейік, 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Қайрат» пен «Реал Мадрид» Алматыда кездесіп, испаниялық команда 5:0 есебімен жеңіске жеткен.