Шымкенттегі Sin Yuan Steel металлургиялық зауытына қатысты дау жаңа кезеңге өткен сияқты. Осыдан екі ай бұрын полиция рейдінен кейін құқық қорғау органдарының әрекетіне шағымданған қытайлық инвестор енді қылмыстық істің ІІМ жүйесіне қайта берілуіне қарсы шығып, баспасөз мәслихатын өткізді.
Біз бұл оқиға туралы жазғанбыз. Еске салсақ, биылғы 6 - мамырда Шымкент қалалық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнайы жасақ қызметкерлері Sin Yuan Steel металлургиялық зауытына рейд жүргізген еді. Полиция бұл әрекетті "102" нөміріне түскен қоңыраудан кейін бастаған-мыс. Яғни, кәсіпорында адамдарды заңсыз ұстап, мәжбүрлі еңбекке тартып жатыр деген анонимді хабарлама болған. Алайда, тексеру барысында бұл ақпарат расталмаған. Полиция кейбір Қытай азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзуы мүмкін деген деректердің анықталғанын хабарлаған. Ал кәсіпорын басшылығы рейд заңсыз жүргізіліп, өндіріс жұмысы тоқтап, инвесторларға үлкен шығын келгенін мәлімдеген еді. Соның негізінде инвестициялық прокурорлар полиция әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеген болатын.
Бүгін журналистер алдына шыққан компания құрылтайшыларының мәліметінше, кейін бұл әрекет бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалған екен. Яғни, полиция қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану дерегімен ашылған қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаменті тергеген. Сондай-ақ, Бас прокуратураның шешімімен ведомствоаралық тергеу тобы құрылып, негізгі тергеу әрекеттері аяқталған көрінеді.
Жалпы, полиция рейдінен кейін жасалған сот сараптамалары кәсіпорынға 179 млн теңге көлемінде материалдық залал келгенін растаған. Бұған қоса компания рейдтен кейін шетелдік ірі серіктесінің Қазақстандағы жобадан бас тартқанын айтып, соның салдарынан ел 90 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей инвестициядан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Әрине, осы мәселеге терең үңіле қараған адамға істің халықаралық дауға ұласып кетуі анық екені байқалады. Сондай ахуал қалыптасып отырғаны анық. Дегенмен, бұл мәлімдемелер әзірге компанияның ұстанымы аясында ғана қалып отыр.
- 15 шілдеде зардап шеккен тарапқа қылмыстық істің әрі қарай ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілгені белгілі болды. Жапа шеккен компания дәл осы шешімге қарсылық білдіреді. Заң бұзған полиция қызметкерлеріне қатысты істі сол министрлік жүйесіндегі құрылымның тергеуі мүдделер қақтығысын туындатады және тәуелсіз тергеуге күмән келтіреді деп ойлаймыз. Сондықтан компания тарапы Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға шағым жолдайды, - деді баспасөз мәслихатында Sin Yuan Steel компаниясының қорғаушысы Бақытжан Шайдозов.
Сондай-ақ, Sin Yuan Steel компаниясының құрылтайшысы Кэ Сююнь полиция әрекеті кезінде компания қызметкерлері мен инвесторларға қысым көрсетілгенін растап, рейд барысында заң талаптары толық сақталмағанын да айтты. Оның пікірінше, Қазақстанға инвестиция әкелген кәсіпкерлерге құрметпен қараудың орнына, оларды күдікті ретінде қабылдау басым. Бұл шетелдік инвесторлардың сеніміне кері әсер етеді дейді. Яғни, Sin Yuan Steel компаниясының өкілдері бұл мәселе тек бір кәсіпорынның емес, жалпы Қазақстандағы шетелдік инвесторлардың құқықтық қорғалуы мен инвестициялық ахуалына әсер етуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Мәселен, рейдтен кейін Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлаған қытайлық кәсіпкер Ю Чанци жобадан бас тартқан. Инвестордың айтуынша, оның Шымкентке келген сапары кезінде орын алған оқиғалардан кейін Қазақстандағы жобаға қатысу туралы шешімі өзгерген. Соның салдарынан ел шамамен 90 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей инвестициядан айырылып отырған көрінеді.
Айтпақшы, 6 - мамырдағы рейд кезінде Шымкентке жаңа инвестициялық жоба бойынша келіссөз жүргізуге келген осы қытайлық кәсіпкер Ю Чанцидің өзін де полиция күш қолданып, ұстаған екен. Инвестордың айтуынша, ол арнайы қабылдау орнына жеткізіліп, 12 сағат бойы оқшауланған.