Шымкент қаласында металлургия саласында жұмыс істейтін "Sin Yuan Steel" компаниясының құрылтайшысы Кэ Сююн жергілікті құқық қорғау органдарының тарапынан болған оқиғадан кейін мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, кәсіпорын аумағына мамыр айының басында Шымкент қалалық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері басып кіріп, жұмысты тоқтатқан. Қытайлық инвестор құқық қорғаушылар тарапы ешқандай рұхсат құжатын көрсетпей және компания заңгерлерінің қатысуынсыз әрекет етті деген пікірде. Ал жергілікті полицияның мәліметінше, тексеруге "102" арнасына қоңырау соғылып, аталған кәсіпорын аумағында шетел азаматтарын заңсыз ұстап отыр деген хабарлама түскен. Арнайы рейд жасауға осы қоңырау себеп болған екен. Алайда, тексеру барысында адамдарды күштеп ұстау немесе еңбекке мәжбүрлеу фактілері расталмаған. Соған қарамастан құқық қорғау органдары бірқатар Қытай азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзуы мүмкін деген деректер анықталғанын хабарлады.

Ал зауыт басшылығы мен қытайлық инвесторлар полиция жасаған рейд кәсіпорын жұмысына елеулі зиян келтіргенін мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, ондаған адам ұсталып, кейбірі арнайы қабылдау орнына қамалған. Сондай-ақ, тергеу әрекеттері кезінде аудармашылар мен адвокаттардың толық қамтамасыз етілмегені жөнінде шағым айтылуда.
Қазір "Sin Yuan Steel" компаниясының құрылтайшысы Кэ Сююн мәлімдеме жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданғаннан кейін полицияның әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Компания келтірген уәждердің заңдылығын Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасымен инвестициялық прокурорлар тексеріп жатыр екен. Бас прокуратура тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтердің әзірге жария етілмейтінін мәлімдеді.
Айтпақшы, қытайлық инвесторлар ашқан бұл компания Шымкент қаласында шамамен он жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Зауыт негізінен металлургиялық өнім дайындайды екен. Ал бұғанға дейін зауытқа қатысты қандайда бір шулы ақпарат айтылмаған.