Мәселен, 2026 жылдың екінші тоқсанындағы статистика өсім мен табыс арасындағы айырмашылықты тағы көрсетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, екінші тоқсанда Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңгеге жетіп, бір жылда 8,4 пайызға өскен. Алайда, нақты жалақы индексі 98,2 пайыз болды. Яғни, инфляцияны есептегенде, нақты жалақы бір жылда 1,8 пайызға төмендеген. Ал медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады.
Теңсіздіктің мәні де осында. Қағаз жүзінде қазақстандықтардың жалақысы көбейген. Бірақ, бағаның өсуі бұл өсімді толықтай дерлік жұтып қойған. Нәтижесінде қызметкердің номиналды табысы артқанымен, оның сатып алу мүмкіндігі төмендеген.
Жалпы, нақты жалақының төмендеуі әлеуметтік маңызы бар бірнеше салада байқалып отыр. Атап айтқанда, білім беру саласында нақты жалақы бір жылда 6,5 пайызға төмендеген. Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 6,3 пайыз, ақпарат және байланыс саласында 6 пайыз, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында 5 пайызға кему тіркелді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында нақты жалақы 3,9 пайызға кеміген. Мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласында 1 пайыз, көлік және қоймаларды жалға беру қызметінде 1,8 пайыз, орналастыру және тамақтану қызметтерінде 2,4 пайыз төмендеу байқалып отыр.
Әлбетте, бұл жерде бір қарапайым сұрақ туындайды. Егер елдегі атаулы жалақы өсіп жатса, онда неге нақты табыс төмендейді. Мұның жауабын инфляциядан іздеу керек дейді мамандар. Мысалы, Ұлттық статистика бюросы нақты жалақы индексін атаулы жалақы индексін тұтыну бағаларының индексіне бөлу арқылы есептейді. Сондықтан нақты жалақы адамның қолына түскен теңгенің санын емес, сол ақшаның сатып алу қабілетін көрсетеді.
Бір қызығы, барлық салада жағдай бірдей емес екен. Яғни, табысы өскен сала қызметкерлері де бар. Атап айтқанда, ауыл, орман және балық шаруашылығында нақты жалақы 6,4 пайызға, құрылыста 5,9 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде 5,1 пайызға өскен. Сол сияқты өнеркәсіп бойынша көрсеткіш 0,9 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,2 пайызға жоғарылаған. Бұл ретте жалақының атаулы өсім қарқыны мен нақты өсімін шатастырмау маңызды. Мысалы, ауыл шаруашылығында атаулы жалақы 17,5 пайызға өскенімен, нақты өсім 6,4 пайыз болды. Құрылыста бұл көрсеткіштер тиісінше 16,9 және 5,9 пайыз. Қаржы және сақтандыру секторында атаулы жалақы 16 пайызға өскен, нақты өсім 5,1 пайыз шамасында.
Демек, елдегі жалақының екі статистикасы екі түрлі картинаны көрсетеді. Біріншісі жұмыс берушінің қанша теңге төлегені болса, екіншісі сол теңгенің қаншалықты құнды болғанында.
Айтпақшы, нақты жалақының өңірлер бойынша айырмашылығы да көзге ұрып тұр. Дерекке қарасақ, осы жылдың II тоқсанында нақты жалақының ең үлкен төмендеуі Алматы облысында тіркеліп отыр. Ол 93 пайыздық индексті көрсеткен, яғни бір жылда 7 пайызға төмендеу байқалды. Ал Ұлытау облысында индекс 93,4 пайыз болды, бұл 6,6 пайыздық төмендеуді білдіреді. Түркістан облысында да нақты жалақы индексі 94,9 пайызға жетіп, 5,1 пайызға кеміді.
Қуанышқа қарай Алматы қаласында керісінше, нақты жалақы 0,8 пайызға өскен. Қаладағы орташа атаулы жалақы 610 371 теңгеге жетіп, бір жылда 10,2 пайызға артқан.
Яғни, ел бойынша орташа көрсеткіштің өзі өңірлердегі жағдайдың әртүрлі екенін көрсетеді. Бір жерде жалақы инфляциядан кейін де өссе, екінші жерде қызметкердің нақты табысы қысқарып жатыр.
Тоқетерін айтқанда, жария болған статистикаға қарап, "Қазақстанда жалақы өсіп жатыр" деп пафосқа толы қорытынды жасау жеткіліксіз. Рас, атаулы жалақы өсіп отыр. Бірақ, адамдардың нақты сатып алу қабілеті бірқатар сала мен өңірде төмендеген. Бұл әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат және кәсіби қызмет секілді салаларда сезілуде. Өйткені, мұнда еңбек ресурсының сапасы экономиканың ұзақ мерзімді нәтижесіне тікелей әсер етеді. Ал нақты табыстың төмендеуі еңбек нарығындағы жағдайға қалай әсер ететіні бөлек мәселе.
Тағы бір назар аударатын көрсеткіш бар. II тоқсан соңында кәсіпорындар мен ұйымдардағы бос жұмыс орындарының саны 56 594 бірлікті құраған көрінеді. Бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2 480 орынға аз екен. Бос орындардың 28,4 пайызы өнеркәсіпке, 17,6 пайызы мемлекеттік басқару мен қорғанысқа, 11,4 пайызы көлік және қоймалар бойынша қызмет көрсетуге тиесілі болды.
Демек, қазіргі еңбек нарығының негізгі мәселесін тек "жалақы жоғары" деген түсінікпен өлшеу аздық етеді. Ең маңыздысы жалақының инфляциядан кейінгі нақты мөлшері, оның өңірлер мен салалар бойынша бөлінісі және еңбек нарығындағы сұраныспен арақатынасында болып отыр.