Әлеуметтік желіде Астанаға академиялық алмасу бағдарламасы бойынша келген екі қырғызстандық студенттің қазақ халқының тарихы және Кенесары хан туралы әңгімесі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған видеода қыздардың бірі қазақ халқының тарихына қатысты пікір айтып, екі ел арасындағы тарихи мәселелердің бірін сөз етеді.
«Қазақтар жақында ғана пайда болды, ал қырғыздар бұрыннан бар. Қазақтар қырғыздарға тағы бір мәселе бойынша ренжиді. Енді соны сен түсіндірші», – дейді ол екінші қызға.
Әңгімеге араласқан ер адам мәселенің Кенесары ханға қатысты екенін айтып, оның басы не себепті қазақтарға қайтарылмағанын сұрайды.
Қыз бұл сұраққа көшпелі халықтардың дәстүрін мысал етіп жауап береді.
«Біздің салтымыз бойынша көшпенділер жаудың басын қайтармауы керек. Ханның атын қорлап, оны біржола таптау үшін бас сүйегінен шарап ішуіміз керек», – дейді ол.
Осыдан кейін видеода қашықтан қосылған тағы бір ер адам қыздардың Қазақстанда жүрген-жүрмегенін сұрайды. Жүргізуші олардың Бішкектен Астанаға студент алмасу бағдарламасымен келгенін айтады.
«Олар ертең қазақстандық достары мен ата-аналарының алдында ұялмай ма? Бұл видео интернетке тарайды. Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы жаман сөз айтпаймыз. Ал олар қазақтың ханын қорлап отыр», – дейді ол.
Әзірге видеодағы қыздардың аты-жөні, азаматтығы және Астанадағы қай оқу орнында білім алып жүргені анықталған жоқ. Сондай-ақ олардың сөздеріне байланысты Қазақстан мен Қырғызстанның ресми органдары тарапынан әзірге түсініктеме берілмеді.