Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында ұстаздар мен білім саласына қатысты маңызды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойған. Оның сөзінше, бұл шешім еліміздегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
“Бұл еліміздің білім жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық шешім. Жаңа құжат – әрбір оқушының сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған қадам”, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр жасанды интеллект технологиялары әсіресе ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және оқушылардың жеке білім траекториясын қалыптастыру білім сапасындағы айырмашылықты азайтуға көмектеседі.
Сондай-ақ ол жаңа Жарлықта педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.
“Жасанды интеллект педагогті алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдететін қосымша құралға айналады”, – деп жазды министр.
Жұлдыз Сүлейменова алдағы уақытта Президент тапсырмаларын іске асыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетінін айтып, негізгі мақсат жасанды интеллектіні елдің адами капиталын дамыту құралына айналдыру екенін атап өтті.