Жұлдыздың айтуынша, бұл ой оған біраз уақыттан бері маза бермей жүрген. Қазір ол жаңа жобасына негіз болатын сценарийді өз қолымен жазып жатыр.
«Адам әрқашан өзіне мақсат қойып, соған ұмтылуы керек. Мен де босанған соң өзімнің алғашқы фильмімді түсіруді жоспарлап отырмын. Сценарий жазуды осыдан жарты жыл бұрын бастадым. Бұл бағытта түрлі кітаптар оқып, YouTube-тағы сабақтарды зерттеп жүрмін. Қазір дайындық кезеңіндемін», – деді актриса.
Жұлдыз Өмірғали бұл жобасы арқылы қазақ киноиндустриясына тың серпін әкелгісі келетінін де жасырмады. Оның айтуынша, фильм отбасылық құндылық пен әйелдің өмірдегі рөлін көрсетуге бағытталмақ.
Сондай-ақ актриса сұхбат барысында қос қуанышын бөлісті – ол қайтадан ана атанбақ.
«Иә, қазір аяғым ауыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Балаларым мен жолдасымның қолдауы – менің ең басты мотивациям», – деді ол.
Жұлдыз Өмірғали мен Айқын Төлепбергеннің отбасында бүгінде екі бала өсіп келеді. Енді жұлдызды жұп жақын арада үшінші сәбиін қарсы алмақ.