KZNEWS.KZ
Спорт

Сүйінші! Рината Сұлтанова Қазақстанға Азия ойындарының алғашқы алтынын сыйлады

Асқар Алтайұлы
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі

Ол әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарыста мәреге 36 минут 23,72 секундта жетіп, қарсыластарынан оқ бойы озды, деп хабарлайды kznews.kz. Қытайлық Чжан Хао күміс жүлдеге ие болса, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс қорытындысы:

🥇 Рината Сұлтанова (Қазақстан) — 36:23.72
🥈 Чжан Хао (Қытай) — 36:28.40
🥉 Син Джиын (Оңтүстік Корея) — 36:56.14

Осылайша, Рината Сұлтанова ұлттық құраманың ХХ жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдар есебін ашты.

Бұл – қазақстандық спортшының екінші Азиадасы. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған еді. Енді сол нәтижесін жақсартып, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазіргі таңда тасжолдағы велоспорт Қазақстанның тоғыз өңірінде дамып келеді. Спортшыларды халықаралық жарыстарға жүйелі түрде дайындау, өңірлік спорт резервін қалыптастыру және жаттықтырушылардың еңбегі осындай жоғары нәтижелерге жол ашып отыр.

Рината Сұлтанованың тарихи жеңісі Қазақстан құрамасының Азиададағы алғашқы жарыс күнін алтын жүлдемен бастауына мүмкіндік берді.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →