Қызметтік міндетін атқару кезінде 23 жасында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима журналист Руслан Есмағамбетовке сұхбат беріп, қызының өлімінен кейін туындаған бірқатар даулы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әңгіме барысында марқұмның анасы қызының артында қалған дүние-мүлікке, шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағына және күйеу баласы Әділеттің кейін қайта шаңырақ көтеруіне қатысты өз ұстанымын айтты.
Сәлима ханымның сөзінше, күйеу баласының қайта үйленгенін ол әлеуметтік желіден білген. Оның айтуынша, бұл жаңалықты Әділеттің өзінен емес, сырттан естуі ана ретінде оған ауыр тиген. Ұлдананың қазасынан кейін арада сегіз ай да өтпей жатып оның қайта отбасын құрғаны Сәлиманың көңіліне қатты әсер еткен.
«Мен оның үйленгеніне қарсы емеспін. Маған батқаны – аз уақыт ішінде қызымды ұмытып кеткені және маған бір ауыз айтпағаны. Адамгершілік танытса екен дедім. “Анаңыздай көремін” деген сөзі қайда? Заң бойынша бір бөлек, адамгершілік деген тағы бар ғой», – деді ол.
Марқұмның анасы үшін тағы бір өзекті мәселе – қызының артында қалған қаржысы мен мүлкі. Сәлима Ұлдананың шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағына қатысты да сұрақтары бар екенін жеткізді.
Оның айтуынша, Әділет нотариус арқылы қажетті құжаттарды рәсімдеп, марқұмның зейнетақы жинағын алуға әрекет жасаған. Бұл жағдай Ұлдананың анасының көңілінде күдік пен наразылық туғызған.
Сәлима күйеу баласымен болған соңғы әңгімелердің бірін де еске алды. Оның айтуынша, Әділет оған «Мама, бүгін тіліктің бәрін бітірейік, ертерек бітірейік» деген мазмұнда хабарлама жіберген.
Марқұмның анасы бұл сөздердің мәнін әлі күнге дейін түсіне алмайтынын айтты. Ол зейнетақы жинағын асығыс рәсімдеуге не себеп болғанын және қаржының нақты қандай мақсатқа жұмсалғанын білгісі келетінін жеткізді.
Сәлима үшін бұл мәселелердің барлығы қызының қазасынан кейінгі ауыр кезеңді одан әрі қиындата түскен. Ол сұхбат барысында Ұлдананың өліміне қатысты өзіне түсініксіз жайттардың толық анықталып, барлық мәселенің әділ шешімін тапқанын қалайтынын айтты.