Журналист әрі қоғам белсендісі Руслан Өтепбай Астанаға арнайы барып, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның отбасымен жүздесті. Ол марқұмның анасынан сұхбат алып, әңгіме барысында көпшілікке бұрын айтылмаған бірқатар жайт белгілі болғанын жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Руслан Өтепбай бұл туралы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, сұхбат барысында Ұлдананың өліміне қатысты бұған дейін жария болмаған мәліметтер сөз болған.
«Астанаға барып, марқұм Ұлдананың анасынан сұхбат алып қайттым. Біз білмейтін шындық пен сұмдық өте көп екен», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ Руслан Өтепбай Ұлдананың жұбайы Әділет Зейнелмен де сұхбаттасуды жоспарлағанын, алайда бұл кездесу әзірге болмағанын айтты.
«Ал Әділет сұхбат беремін деп еді, уәдесінде тұрмады», – деді ол.
Журналист марқұм фельдшердің анасына берген сұхбатын YouTube арнасына жақын күндері жариялауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Сұхбатты бір-екі күнде YouTube арнама жүктеймін», – деп жазды Руслан Өтепбай.
Осылайша, журналистің мәлімдемесі Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты жаңа мәліметтер айтылуы мүмкін деген қызығушылық туғызды. Сұхбаттың толық нұсқасы жарияланғаннан кейін марқұмның отбасы айтқан деректер көпшілікке кеңірек таныстырылмақ.