Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде басына кондиционер құлап қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта шаңырақ көтеруі қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста, марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызы алғаш рет көпшілікке үндеу жасап, бірқатар мәселеге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның анасының мүддесін қорғайтын заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуде Салима Ершанқұлқызы қоғамда туындаған сұрақтарға жауап беруді жөн санағанын айтты.
Оның сөзінше, қызының жұбайы Зейнет Әділет пен оның туыстары қайта некеге тұрар алдында марқұмның ата-анасына келіп, рұқсат сұрамаған.
«Мен – Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Салима Ершанқұлқызы. Көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға байланысты үндеу жасап отырмын. Көп адам "күйеу балаңыз қайта үйленер алдында алдарыңыздан өтті ме?" деп сұрап жатыр. Жоқ, ол да, ата-анасы да, үлкендері де бізге келіп, ешқандай рұқсат сұраған жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар Салима Ершанқұлқызы қызының өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Зейнет Әділеттің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқанын қалайтынын жеткізді.
«Қызымның өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Қазіргі таңда Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартқанын қалаймын», – деді марқұмның анасы.
Үндеу барысында ол қызының артында қалған мүлік мәселесіне де тоқталды. Анасының айтуынша, заң талаптарына сәйкес, Ұлдана Мырзуанның 17 жасынан бері жинақталған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты жұбайына берілген. Ал марқұмның өз еңбегімен сатып алған автокөлігі ата-анасының меншігіне өткен.
«Қызымның өз маңдай терімен алған көлігі және 17 жасынан бастап жиналған зейнетақы қорындағы қаражаты болды. Заң бойынша зейнетақы жинағы Әділетке берілді. Ал автокөлік бізге қалдырылды. Көлік биыл 22 шілдеден бастап біздің атымызға рәсімделді. Оған дейін, 18 қарашадан 22 шілдеге дейін көлік Әділеттің иелігінде болды. Анасы ретінде қызымның заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастырамын», – деді Салима Ершанқұлқызы.
Марқұмның анасы қоғамға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтып, қызының өліміне қатысты тергеудің әділ әрі жан-жақты жүргізілетініне үміт білдіретінін жеткізді.