KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Сен осы жерден тоқта”: Дана Нұржігіт Мөлдір мен Тұрсынбектің қарым-қатынасына пікір білдірді

Ayzhan Sylanova
Фото: YouTube

Белгілі журналист және қоғам қайраткері Дана Нұржігіт әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанға қолдау білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналист өз жазбасында қоғамда тараған өсектер мен жеке өмірге қатысты әңгімелерге тоқталып, әр адамның жеке тағдырына құрметпен қарауға шақырды.

«Отырған жерімде танымайтын адамдар менімен фотоға түсіп алып, ел ішінде тараған өсектердің рас-өтірігін сұрай бастайды. “Анау ажырасыпты ғой, иә?”, “Мынау ананың тоқалы екен ғой, рас па?” дейді. Осындайда менің жауабым біреу ғана — білмеймін, естімедім! Мөлдірдің жалғыз екенін елден естісем де, өзінен сұрамаппын. Фильм түсіріп, ән айта бастаған шағында ғана өз аузынан естідім», — деп жазды Нұржігіт.

Ол өз жазбасында Мөлдір Мұқанның отбасына адал қызмет еткенін, көп жыл бойы ішкі күйзелісін сыртқа шығармай, бәріне төзгенін атап өтті.

«Мен Астанаға көшкелі он жыл болды. Сол уақыт ішінде Мөлдірдің күйеуіне қалтқысыз қызмет еткенін көзіммен көрдім. Оның үнсіз жүріп, іштей “өлген” Мөлдір болғанына 14 жыл екен ғой. Әйелді осындай екіжүзді болуға мәжбүрлейтін – намыс, үміт, ұрпақ пен ел алдындағы жауапкершілік», — деді журналист.

Сондай-ақ, Дана Нұржігіт Мөлдірдің жақында берген сұхбатына тоқталып, оның өткен өмірімен қоштасқанын, “ескі Мөлдірдің” енді жоқ екенін айтты.

«Мөлдір кешегі сұхбатында 20 жастағы кіршіксіз махаббатын, жастығын, жиырма жылдық ғұмырын жоқтап отырды. Ол “Мөлдір өлді” деді бізге», — деп жазды ол.

Журналист бұл жағдайға байланысты ешкімнің жағына шықпайтынын, тек Мөлдірдің өмірлік күресін түсініп, оған тілекші екенін жеткізді.

«Ешкімнің жағында емеспін. Бірақ жүрегім ауырды. Сен қолдан келгеннің де, келмегеннің де бәрін жасадың, Мөлдір. Балаларың жеткізеді. Ал сен осы жерден тоқта! Өмір мұнымен бітпейді. Алға, Мөлдір!» — деп түйіндеді Дана Нұржігіт.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары