Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында кенже қызы Айаруға қолдау білдіріп, оның болашағына сенетінін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі қызының алда үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдіріп, оқырмандарына ізгі тілегін арнады.
«Түбі жарып шығады, бұйырса. Еліміздің мақтанышына айналады деп сенемін. Сол кезде бәріміз бүгінгі күндерді еске алып, іштей жымиып отыратын боламыз. Сіздер менің баламның жетістігіне, мен сіздердің балаларыңыздың жетістігіне қуанатын күндер көп болсын, алтын оқырмандарым», – деп жазды Мөлдір Мұқан.
Желі қолданушылары бұл жазбаны әншінің қызына бағытталған сын-пікірлерден кейінгі қолдау ретінде қабылдады.
Еске салайық, бұған дейін Айару Тұрсынбекқызы тікелей эфирде өзіне жағымсыз пікір қалдырған желі қолданушылары туралы айтып, оларды «ауылдан шыққандар», «колхоздар» деп атаған болатын. Бұл сөзі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, түрлі пікір тудырды. Кейін көпшілік жасөспірімнің мәлімдемесіне қатысты өз көзқарасын білдіріп, қызу пікірталас өрбіген еді.