Атырау облысының прокуратурасы бекіре балық мен қара уылдырықты сатып алу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды kznews.kz Атырау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Әңгіме сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар түрлер туралы болып отыр. Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, заңсыз аулаудың негізгі себептерінің бірі — халық тарапынан сұраныстың жоғары болуы.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 30 экологиялық құқықбұзушылық тіркелді. Соның ішінде 11 қылмыстық іс сотқа жолданып, 10 адам сотталды», — деп мәлімдеді прокуратура.
Ведомствоның мәліметінше, бекіре тұқымдас балықтарды және одан жасалған өнімдерді тиісті құжаттарсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе сату — қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Мысалы, жуырда Атырау қаласының бір тұрғынынан 500 келіден астам бекіре балығы табылған. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, 304 миллион теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттеген.