"Алматыда самсадан чип шықты" – дәмхана иелері "цифрландырудан" хабарсыз
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Салық өзгерістері дұрыс түсіндіріліп жатқан жоқ": Жұманғарин тағы да жазба жариялады

"Салық өзгерістері дұрыс түсіндіріліп жатқан жоқ": Жұманғарин тағы да жазба жариялады
Фото: primeminister.kz

Бұл жақсы ма, әлде керісінше ме, білмейміз, бірақ, елімізде салық реформасына қатысты пікірталас әзір тоқтамайтын сияқты.

Енді пікірталасқа экономистер мен депуттаттадан бөлек, атқарушы биліктің лауазымды өкілдері де үн қоса бастады.Біз бұл тақырыпты тұрақты көтеріп жүргендіктен, жаңа Салық кодексін талдап, түсіндіруге сарапшылардың пікірлеріне жиі жүгінеміз. Соның мысалы ретінде жақында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын саралаған болатынбыз. Күні кеше лауазымды тұлға тағы да жазба қалдырып, қоғамдық пікірге қатысты түсініктеме беріпті.

"Cарапшылардың БАҚ-тағы пікірлері мен жарияланымдарын қарап, көпшіліктің көкейінде шағын және орта бизнестің нақты белсенділігіне қатысты күмән барын, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының деректері әртүрлі түсіндіріліп жатқанын көріп отырмын. Бұл жазбада осы сұрақтарға жауап беремін. Ал бизнес дамуына нақты әсер ететін факторларды кейінірек бөлек талдайтын боламыз" дейді өз жазбасында Серік Жұманғарин.

Тақырып түсінікті болуы үшін төменде министрдің жазбасын толық ұсынып отырмыз.

- Тағы да фактілерге жүгінейік. Бұған дейін жазғанымдай, салық реформасының алғашқы нәтижелерінің негізгі көрсеткіштері мынадай: ҚҚС төлеушілер санының өсуі және экономикалық белсенді қатысушылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының артуы - еңбек нарығының көлеңкеден шығып, заңдаса бастағанын білдіреді.

Салықтың көбеюіне жай ғана ақша жинау емес, экономикалық белсенділік пен салықты басқарудың жақсаруы себеп болды. Салық түсімдері бойынша жоспар – есептік көрсеткіш, оны жеткілікті дәл болжауға болады. Ал салық базасының кеңеюі, бизнестің көлеңкеден шығуы және жұмыспен қамту құрылымының өзгеруі сияқты параметрлер әрекеттік сипатта болады: біз бұл әсерді күттік және есепке алдық, бірақ оны алдын ала нақты есептеу мүмкін емес. Сондықтан да бизнестің жаңа жұмыс режимдеріне бейімделе бастаған бірінші тоқсан деректері - реформаның алғашқы нәтижелері мен даму бағытын көрсететін ең маңызды кезең.

ШОБ-тың экономикалық белсенділігі

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ШОБ-тан бюджетке түсетін түсімдер 20,3 пайызға, электрондық шот-фактура (ЭШФ) жүйесі арқылы айналымдар 14 пайызға артты.

Қосымша ретінде Halyk Finance ұсынған 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы іскерлік белсенділік индексінің деректерін келтіре кетейін. Есептен үзінді: «...2026 жылдың басында Halyk Finance сауалнамасының нәтижесі 1-тоқсанда іскерлік белсенділіктің өткен тоқсанмен салыстырғанда кеңейгенін көрсетті: 50,3. Бұл 2025 жылдың соңындағы көрсеткішпен (4Q2025-та 54,9) салыстырғанда іскерлік белсенділік динамикасының біршама бәсеңдегенін білдіреді. Шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін индекс 50,4 деңгейінде қалыптасып, жалпыұлттық динамикаға ұқсас нәтиже мен ағымдағы жағдайдағы сегменттің тұрақтылығын көрсетті. Сонымен қатар, ірі бизнес үшін индекс 49,7-ні құрап, іскерлік белсенділіктің төмендегенін байқатты. Бұл мұнай секторындағы қалыпты динамикамен байланысты, ол мультипликативтік әсер арқылы басқа салалардың өсуіне де ықпал етті».

Жұмыспен қамту бойынша: есепте жаңа қызметкерлер санының артқаны айтылған - ШОБ-та 52,5. Бұл жұмыспен қамтудың сақталғанын және еңбек нарығында айтарлықтай өзгерістердің жоқ екенін көрсетеді. Иә, табыс пен тапсырыстардың азаюы байқалады, бірақ сонымен қатар бизнес күтілімдері бұл көрсеткіштер бойынша оң күйінде қалып отыр. Halyk Finance зерттеуі ашық қолжетімді.

Қай жерде төмендеу жүріп жатыр және неге?

Halyk Finance деректеріне сәйкес, 1-тоқсанда сауда (47,8) мен құрылыс (49,5) салаларында төмендеу тіркелді. «...негізгі қиындықтар түсім көлемі мен тапсырыс санының азаюына байланысты». 

Статистика бюросының дерегінше, барлық заңды тұлғалардың 49,9 пайызы осы және оған сабақтас салаларда жұмыс істейді. 

Олардың баяулауы бірнеше фактордың жиынтығына байланысты, олардың ішінде салық жүктемесі шешуші емес. Негізгі әсерді макроэкономикалық жағдайлар береді. 

Ең алдымен бұл:

✓ тұтынушылық несиелеудің қатаңдатылуы;

✓ қарыз қаражатының жоғары құны;

✓ банктік қаржыландырудың шектеулі қолжетімділігі.

Құрылыс нарығы қазір қайта құрылу кезеңінен өтуде – сұраныс құрылымы мен қаржыландыру көздері өзгеріп жатыр. Жалпы алғанда, бұл динамика тұтынушылық несиелеу өсімін тежеу және қаржы ағындарын нақты секторға бағыттау жөніндегі мемлекеттік саясатқа сәйкес келеді.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі ұзақ уақыт жоғары болып, несие қолжетімсіз болса, экономикалық белсенділік төмендейді. Бұл кейін нарықтың кейбір сегменттерінің айтарлықтай қысқаруына әкелуі мүмкін. Тұтынушылық несиенің «сууы» алдағы уақытта қызмет көрсету, көлік, логистика, қойма және жарнама салаларына да әсер етіп, жұмыспен қамту мәселесіне қиындық тудыруы ықтимал.

Осылайша, қазіргі жағдай ең алдымен пайыздық саясатты, несиелеудің қолжетімділігін және қаржыландыру шарттарының қатаңдауын қамтитын макроэкономикалық факторлармен анықталады, әсіресе бұрын пайдасы жоғары болған секторларда байқалады.

 ШОБ санының азаюы туралы.

Салық органдарының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың 1-тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатты (2025 жылдың осы кезеңінде - 82 874, 2024 жылы - 125 093).

Жағдайды дұрыс бағалау үшін жабылудың базалық деңгейін ескеру маңызды. 2024–2025 жылдардың алғашқы тоқсандарында ол орта есеппен шамамен 104 мың жеке кәсіпкер болды

2026 жылдың 1-тоқсанында 207,9 мың жеке кәсіпкер жабылды, яғни көрсеткіш шамамен екі есе жоғары. Осылайша, ағымдағы өзгерістердің әсерінен қосымша 100 мыңға жуық кәсіпкер жабылды деуге болады.

Негізінде бұдан да көп (300 мыңға дейін) жабылады деп күтілген болатын. Себебі арнайы салық режимдерін бизнесті бөлшектеу үшін пайдаланғандар нарықтан кетеді деп болжанды.

Талдау көрсеткендей, 2026 жылы жабылғандардың негізгі бөлігі – табысы, қызметкерлері және нақты қызмет белгілері жоқ белсенді емес кәсіпорындар.

2026 жылдың 1-тоқсанындағы жабылу құрылымы:

- 39,2 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өтті; 

- 11,8 мыңы бір мезгілде басқа компаниялардың басшылары болған (жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдану шарттарының өзгеруін ескере отырып); 

- 94,2 мыңында 2025 жылы табыс болмаған.

Сонымен қатар, жаңадан тіркелушілер де аз емес: 1-тоқсанда 99 мыңнан астам жаңа салық төлеуші (88,7 мың жеке кәсіпкер және 10,3 мың заңды тұлға) тіркелді. Заңды тұлғалардың жалпы саны 584 093 өсті (+4 337). Сондай-ақ, 410 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, олардың 85%-ы платформалық жұмысты (Indriver, Yandex, Wolt және т.б.) таңдаған.

Бұл - бизнестегі құрылымдық өзгеріс: жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер жабылып, бір бөлігі іріленіп заңды тұлғаға айналуда, ал енді бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде заңдасып жатыр. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі платформалық жұмыспен қамту саласында шоғырланған, яғни бұл ірі ойыншылардың салықтан жалтаруына арналған «схема» емес.

Мысалы, 2025 жылғы өңірлердің ЖІӨ құрылымы (159,6 трлн теңге): көшбасшылар қатарында – Алматы (23,4%), Астана (11,9%) және Атырау облысы (10,4%).

Шағын және орта бизнестің үлесі 70%-дан асатын, қызмет көрсету, сауда және құрылыс салалары басым Астана негізінен ірі компаниялар шоғырланған мұнайлы Атырау облысынан озып отыр. Бұл шағын және орта бизнестің экономикаға қосқан үлесін айқын көрсетеді.

Жұмыстарын тоқтатқан кәсіпорындар туралы.

Кейбір сарапшылар Ұлттық статистика бюросының 184 906 кәсіпорын жұмысын тоқтатты деген дерегіне сүйеніп, мұны бизнестің қиындықтарға бейімделуі деп түсіндіреді. Яғни, кәсіпкерлер жабылудың орнына үзіліс алуды немесе жұмыс форматын өзгертуді таңдап жатыр дейді. Бұл үрдісті бизнестің қалыпты бейімделуі деп айту қиын.

Бұл мәліметтерді қате түсіндіру.184 906 кәсіпорын деген көрсеткіш – бұл барлық белсенді емес компаниялардың жинақталған базасы, оның ішінде жылдар бойы жұмыс істемегендері де бар. Осындай әдіс Ұлттық бюро статистикасымен жабылған және жаңадан тіркелген бизнес субъектілерінің санын есептеуде де қолданылады. 

Салық органдарының деректері анағұрлым өзекті динамиканы көрсетеді:

2026 жылдың 1-тоқсаны – тоқтатқандардың саны 62 557,

2025 жылдың 1-тоқсаны – 25 561,

2024 жылдың 1-тоқсаны – 29 690.

Салыстырмалы кезеңдерде, бірінші тоқсандағы тоқтата тұру саны, өткен жылдармен салыстырғанда, шамамен екі есе өскенін көруге болады. Бірақ жинақталған көрсеткіштерді пайдалану кезінде қосылуы мүмкін деңгейден айтарлықтай төмен болып қалады. Мұндай динамика тұтастай алғанда, макроэкономикалық белгісіздік пен сыртқы күйзелістер жағдайында, бизнестің жүргізілуіне сәйкес келіп, бейімделу процесінен асып кетпейді.

Айлық есептік көрсеткішке қатысты.

 АЕК-ті қолдану механизмін жетілдіру немесе оны ықтимал жою жөнінде бізге түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. АЕК-тен толық бас тарту туралы айтып отырған жоқпын.

АЕК елдегі 2 Конституциялық заңда, 15 кодексте және 70 заңда қолданылады. Ол Салық, Әлеуметтік, Кәсіпкерлік кодекстерде және ӘҚБтК-де түрлі мөлшерлемелерді есептеу үшін пайдаланылады. Бірыңғай көрсеткішті алып тастау немесе оны бірнеше есептік бірлікке бөлу ондаған жаңа көрсеткіш енгізуді, әртүрлі әдістемелер жасауды, заңнамаға жүздеген өзгеріс енгізуді және қосымша әкімшілік шығындарды талап етеді.

Жалпы алғанда, Үкімет АЕК қолдану тәсілдерін жетілдіруге бағытталған кезең-кезеңімен реформаны қарастыруға дайын. Алайда бұл мәселе барлық әлеуметтік-экономикалық және құқықтық факторларды ескере отырып, кешенді әрі салмақты тәсілді талап етеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.