life пен кайф: сақтандыру нарығы банк секторын басып оза ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

life пен кайф: сақтандыру нарығы банк секторын басып оза ма?

life пен кайф: сақтандыру нарығы банк секторын басып оза ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Әдетте біз қаржы нарығы туралы сөз еткенде банк секторына басымдық береміз. Әлбетте, банктердің экономикадағы негізгі ойыншы ретіндегі орынын алмастыратын сектор әзірге ішкі нарықта жоқ. Бағалы қағаздар нарығы мен зейнетақы активтеріндегі ақша айналымы да банк жүйесінндегі қаржы қуатына шендесе алмайды. Алайда, тұтас қаржы нарығында жедел дамып, күш алып келе жатқан сектор бар екен. Мысалы, сақтандыру нарығындағы ақша айналымы қазірдің өзінде банктердің жиынтық активтеріне жетеғабыл көрсеткішке жақындап келеді.

Егер бұл тенденция сақталса, алдағы жылдары Қазақстанда сақтандыру компанияларының экономикадағы рөлі банктерден кейінгі екінші қаржы тірегіне айналуы әбден мүмкін.

Жалпы, отандық сақтандыру нарығы екі ірі бағыттан тұрады. Біріншісі, жалпы сақтандыру, яғни general insurance қызметі. Бұл бағытта негізінен қысқа мерзімді тәуекелдер тобы жинақталған. Оған мүлік, автокөлік сақтандыруы мен жауапкершілігі және бизнес тәуекелдерінің бірқатар түрлері кіреді екен. Ал сақтандыру нарығындағы негізгі үлесі өмірді сақтандыру, яғни life қызметіне тиесілі болып отыр. Бұл бағыт ұзақ мерзімді бизнес ретінде қалыптасып, жинақтаушы және зейнетақылық элементтері бар өнімдер, аннуитеттер, міндеттемелері ұзақ жылдарға созылатын қаржы құралдарын біріктіреді.

Қазір елімізде 25 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді. Оның шамамен оны өмірді сақтандырумен, ал он бесі жалпы сақтандырумен айналысады.

Енді нақты экономикалық көрсеткіштерге тоқталайық. 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңындағы мәліметтер бойынша сақтандыру нарығының активтері 4,0 трлн теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,2 трлн теңге болған. Осылайша сақтандыру секторы бір жылда 806,4 млрд теңгеге немесе шамамен 25 пайызға өсті.

Бірақ, өсім сегменттер арасында біркелкі болған жоқ. Жалпы сақтандыру активтері 1,5 трлн теңгеден 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 166,4 млрд теңгеге немесе 11,2 пайызға көбейген. Ал өмірді сақтандыру активтері 1,7 трлн теңгеден 2,4 трлн теңгеге дейін көбейіп, 640 млрд теңге немесе 36,9 пайыз өсім көрсетті. Яғни, нарық балансының кеңеюіндегі басты драйвер дәл осы life қызметі болып отыр.

Салыстыру үшін қарасақ, 2025 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сақтандырудың үлесі 46,2 пайыздан 41,1 пайызға дейін төмендеген еді. Ал дәл осы мезгілде өмірді сақтандыру үлесі 53,8 пайыздан 58,9 пайызға дейін өсім көрсетіпті. Демек, кейінгі екі жылдың ішінде сақтандыру нарығындағы life қызметіне сұраныс көбейіп, сенім артқан.

Яғни, жалпы сақтандыру активтері 11,2 пайызға ғана өссе, өмірді сақтандыру сегменті бірден 36,9 пайыздық өсім көрсетті. Нәтижесінде life сектор активтері 2,4 трлн теңгеге жетіп, бүкіл нарықтың 58,9 пайызын иеленді.

Сарапшылар бұл үрдісті оң бағалайды. Қазақстанда енді қалыптасып келе жатқан жүйе дамыған елдерде сенімді экономикалық факторға баяғыда айналып кеткен. Тәжірибе бойынша ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдері көбейген сайын нарықта инвестицияға бағытталатын тұрақты ресурс та көбейеді дейді. Басқаша айтқанда, экономика тек банктердің несиесімен ғана өмір сүрмей, ұзақ мерзімді институционалдық капитал қалыптастыра бастайды екен.

Қазір Қазақстанда дәл осы жағдай енді байқалып келеді. Мысалы, сақтандыру резервтерінің 71,3 пайызы life секторда шоғырланған. Бұл 1,9 трлн теңге шамасындағы қаржы қоры. Ал жалпы сақтандырудың үлесі 771 млрд теңге ғана. Демек, Life компаниялар ұзақ мерзімді міндеттемелер алған сайын үлкен көлемде резерв жинайды. Ал ол резервтер кейін мемлекеттік бағалы қағаздарға, облигацияларға, түрлі инвестициялық құралдарға салынады. Яғни, сақтандыру компаниялары біртіндеп экономиканың ірі институционалдық инвесторына айналып жатыр.

Бірақ, деректерді сараласақ, қазіргі табыстың негізгі бөлігі жалпы сақтандыру секторында қалып отыр. 2026 жылдың алғашқы үш айында сақтандыру нарығы 31,9 млрд теңге пайда тапса, оның 25,6 млрд теңгесі жалпы сақтандыру компанияларына тиесілі болған. Ал life сектор небәрі 6,3 млрд теңге пайда тауыпты.

Сондай-ақ, компаниялар жасайтын төлем ауыртпалығы әлі де жалпы сақтандыру секторына тиесілі екен. Барлық таза төлемдердің 58 пайызы осы сегментке қатысты. Себебі, мұнда оқиға мен төлем арасындағы уақыт барынша қысқа және әділетті бағалау тетігі қалыптасты. Оның ішінде жол апаты, мүлік зақымы, түрлі оқыс жағдайларға байланысты төлемдер тез арада өтеледі.

Қысқасы, Қазақстанның сақтандыру нарығы жаңа деңгейге көтерілді деуге болады. Бұрын бұл сектор көбіне қосалқы қаржы қызметі ретінде қабылданса, енді ол экономиканың тұрақтылығына әсер ететін жүйелі институтқа айналып келеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.