Financial Times мәліметінше, Эрик Трамп пен Дональд Трамп кіші Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына қатысы бар компанияның үлесін сатып алған, деп хабарлайды kznews.kz.
Басылымның жазуынша, олар 2025 жылдың тамыз айында Skyline Builders компаниясының бір бөлігін иеленген. Кейін бұл компания бірнеше келісімдер арқылы вольфрам өндіру жобаларын жүзеге асырып жатқан құрылымдармен бірігіп, ірі тау-кен бастамасының құрамына кірген.
Аталған жоба бұған дейін АҚШ-тың даму институттарынан 1,6 миллиард долларға дейін қаржылық қолдау алған. Бұл инвестициялар стратегиялық маңызды минералдарды жеткізуді күшейтуге бағытталған.
Мәміленің нақты сомасы әзірге жарияланған жоқ. Сондай-ақ Ақ үй бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме бермеген.
Айта кетейік, 2025 жылдың қарашасында өткен «Орталық Азия – АҚШ» саммиті аясында Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалған.