Санаулы күндерден соң кезекті саяси науқан өтеді. 29 - қарашада болатын Мәслихат сайлауына дайындық қызып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, еліміздегі 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлануы керек. Ал бүгінге дейін депутаттық мандатқа ие болуды көздейтін 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде 9 752 үміткер бірмандатты округтер бойынша, ал 1 219 кандидат партиялық тізіммен ұсынылған. Яғни, орта есеппен бір мандатқа үш үміткерден келеді.
Жалпы, жергілікті мәслихат сайлауына қатысты саяси бәсеке өте белсенді жүріп жатыр деуге болады. Әсіресе, ел ішінде бір мандатты округ бойынша сайлауға түскен үміткерлерге қатысты түрлі ақпарат бар. Бір қызығы ашық дереккөздердегі мәліметтерде тәуелсіз кандидаттардың шағымдары көбейген. Бұл жергілікті сайлау науқанының екінші қырын да көрсетіп отыр. Яғни, кейбір кандидаттар сайлауға түсу үшін емес, одан шеттетілмеу үшін күресуге мәжбүр болғанын айтады.
Мысалы, Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында сондай түсініксіз жағдай орын алған көрінеді. Осы ауданның тұрғыны Анар Дүйсенбайқызы Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында Ұйғыр ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Нұртас Хасеновтің "келісілмеген" кандидаттарды біртіндеп сайлау додасынан шығаруға әрекет жасап жатқанын мәлімдеді. Автордың айтуынша, кандидаттарға "Сіз сайлансаңыз төрағаға кімге дауыс бересіз?", "Бізге тізімдегі 14 депутаттан басқасы керек емес" деген мазмұнда сөздер айтылған. Сондай-ақ, кандидаттықтан бас тартпаса, бұдан ары қатаң жұмыс істейтінін білдірген қысымға ұқсас әңгіме болғанын жазады.
Анар Дүйсенбайқызы бұл жағдайға байланысты құзырлы органдарға шағым түсіргенін айтып, әділ шешім болатынына үміт білдірген. Ол Президенттің "Заң және тәртіп" қағидатын еске салып, жергілікті жерде өзін-өзі ұсынған азаматтарды қысымға алу әрекеттеріне наразылық білдіреді.
Яғни, бұл мәлімдемелер расталса, сайлау нәтижесіне дейін-ақ депутаттардың құрамы анықталып қойғаны туралы күмән туындайды. Осы жерде "Халық сайлайтын өкілдер азаматтардың таңдауымен келуі керек пе, әлде жергілікті әкімшілікке қолайлы адамдардан жасақталуы тиіс пе?" деген сауал өздігінен туады.
- Әуел бастан, құжат тапсырғаннан-ақ бас тартуымды сұрады. Қоқан-лоққы да көрсетті. Оған көнбегем. Ақыры құжатымды алдырмай жүрген кезімде кірістер басқармасынан бағалы қағаздарыңызды жасырыпсыз, 250 нысанды декларацияңыз дұрыс емес деген бір тілім қағаз келіп жетті. Қай кезде бағалы қағаз алып, байып үлгергенмін деп таңғалдым. Анықтасам, 2024 жылы Фридом банк жүйедегі ақау салдарынан, өз клиенттеріне кешірім ретінде 2400 тг немесе 462 кешбэк компенсация жіберіпті. Бұл бағалы қағаз банктің қателігінен кеткендігі туралы арнайы анықтама да алдым. Бірақ, ол да сайлауға қайта қосылуыма негіз емес екен. Осылай сайлаудан шеттетілдім. Мұны әдейі жасалған әрекет демей, не дейміз?,- дейді Анар Дүйсенбайқызы.
Айтпақшы, Түркістан облысының тұрғыны, қоғам белсендісі Бекболат Қаржан да Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында Мәслихат сайлауына қатысып жатқан екі кандидатқа жалған декларация рәсімделіп, құжаттар пошта арқылы өткізілгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, осы әрекет нәтижесінде екі кандидат бір мезгілде сайлаудан шеттетілген.
Автор бұл іске қатысы бар адамдардың бірі әкімдікке жақын екенін айтып, әрекетті орындаушылармен қатар, тапсырма берген тұлғаларды да анықтауды талап етуде.
Тоқетерін айтқанда, жергілікті мәслихат әкімдік шешімдерін автоматты түрде қолдайтын орган емес екені белгілі. Мәслихаттың міндеті жергілікті бюджетті бекіту, атқарушы биліктің жұмысына бақылау жасау, тұрғындардың мәселесін көтеру екені заңда айқындалған. Ал тәуелсіз депутаттың болуы осы бақылауды күшейтпек. Бірақ...