23 тамызда Қазақстанда жаңа бірпалаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. Елдегі басты саяси додадан кейін не болатыны көпшіліктің көкейіндегі басты сұрақ. Биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, бұрынғы үкімет отставкаға кетіп, жаңа үкімет жасақталады. Сонымен қатар, вице-президент сайланып, Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық кеңесі деген орган пайда болады. Президен Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет президент сайлауына түсуге құқылы. Алайда, бұл мәселе алдағы уақыттың еншісінде, деп хабарлайды kznews.kz.
Құрылтай құрамы жасақталды
24 тамыз күні таңертең Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады. Сайлау қорытындысына сәйкес, сайлаушылардың белсенділігі 74,08% болды. Дауыс беруге 9,3 миллион адам қатысты. Сонымен, Құрылтай сайлауында ең жоғары нәтижені «Әділет» партиясы көрсетті. Партияға 6 528 948 адам, яғни сайлаушылардың 71,17 пайызы дауыс берген. Нәтижесінде партия 110 депутаттық мандатқа ие болды.
Қалған партиялардың көрсеткіші мынадай:
«Ауыл» – 6,26% немесе 574 621 дауыс, 10 мандат;
Respublica – 5,56% немесе 509 631 дауыс, 9 мандат;
«Ақ жол» – 5,21% немесе 478 083 дауыс, 8 мандат;
ЖСДП – 5,11% немесе 469 058 дауыс, 8 мандатқа ие болды.
Жаңа үкімет жасақталады
Конституцияның 69-бабының 1-тармағына сәйкес, жаңадан сайланған Құрылтай алдында Үкімет өз өкілеттігін доғарады. Осыдан кейін жаңа министрлер кабинетін жасақтау процесі басталады.
Алдымен Президент Құрылтайдың қарауына Премьер-министр кандидатурасын ұсынады. Оны депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тағайындау туралы шешім қабылданады. Егер Құрылтай Премьер-министрді тағайындауға келісім бермесе, Президенттің Құрылтайды таратуға құқығы бар.
Премьер-министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы бойынша Президентке ұсыныс енгізіледі. Мемлекет басшысы Құрылтаймен консультация өткізгеннен кейін Үкімет мүшелерін тағайындайды. Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер тек министрлер кабинетімен шектелмей, қала мен облыс әкімдерін де қамтуы мүмкін.
Вице-президент тағайындалады
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясы басталған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындауы керек.
Вице-президент қызмет атқарған кезеңде депутат болып сайлана алмайды. Сондай-ақ, оған басқа ақылы қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшесі болуға тыйым салынады.
Егер Президент өз еркімен қызметінен кетсе, денсаулығына байланысты міндеттерін атқара алмаса, қызметінен мерзімінен бұрын босатылса немесе қайтыс болса, Президенттің өкілеттігі вице-президентке өтеді.
Бұған дейін Құрылтай сайлауында дауыс берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына тағайындалатын кандидаттың есімі алдағы аптада немесе он күннің ішінде белгілі болатынын айтты.
Ассамблеяның орнына Халық кеңесі құрылады
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық кеңесі құрылады. Бұл органның жұмысын қамтамасыз ететін Халық кеңесі хатшылығы мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді. Президент Халық кеңесінің құрамын бекітіп, оның алғашқы сессиясын шақырады. Бұған дейін Қанатбек Жайсанбаев Халық кеңесі төрағасының орынбасары – Халық кеңесі хатшылығының басшысы болып тағайындалған.
Халық кеңесіне елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыру міндеті жүктеледі. Сонымен қатар, кеңес мемлекеттің ішкі саясатына қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлей алады. Оның өкілеттіктеріне Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру де кіреді.
Тоқаев қайта президент болып сайлануға құқылы
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Конституциялық сот бірқатар лауазымдарға сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты түсініктеме берді. Соттың мәліметінше, 2026 жылғы Конституция қолданысқа енгізілгеннен кейін тиісті қызметке алғаш рет сайлану немесе тағайындалу жаңа Конституция бойынша алғашқы сайлану немесе тағайындалу болып есептеледі.
Осыған байланысты 1995 жылғы Конституция негізінде қызмет атқарып келген тұлғалар жаңа Конституция күшіне енген соң сол лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала алады. Бұл норма қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы президент сайлауына қатысуына да мүмкіндік береді. Яғни, оның кандидат ретінде ұсынылуына жаңа Конституция тұрғысынан құқықтық кедергі жоқ.
Конституцияның 43-бабының 1-тармағында «бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды» деген норма бекітілген. Алайда, Конституциялық соттың түсіндірмесіне сәйкес, Тоқаевтың бұған дейінгі президенттік мерзімі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлаудағы мерзім ретінде есептелмейді.
Бұған дейін Құрылтай сайлауында дауыс берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта президент болып сайлануға құқығы бар екенін мәлімдеп, өзінің алдағы саяси жоспарын әзірге ашып айтпады.
“Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Ол заңды, әрине, және менің заңды тәртіппен қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ, алдағы сайлауға қатысты немесе сіз айтқандай, сайлауға барамын ба, бармаймын ба, қай жылы өтеді деген мәселеге байланысты қазір болжам айту әлі ерте”, – деп жауап берді Президент журналист сұрағына.
Ол қазіргі уақытта ел алдында тұрған міндеттерді орындау маңыздырақ екенін айтты.