Жетісу облысында кішкентай баланы соққыға жықты деген күдікпен әйел адам қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Оқиға Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада шамамен 3-4 жастағы баланың қатыгездікпен ұрып-соғылғаны анық көрінеді. Кадрларда әйел баланы теуіп, қолынан жұлқып, бұрап, басы мен арқасынан бірнеше рет соққы жасаған.
Аудандық әкімдіктің мәліметінше, аталған елдімекен Қорғас шекарасына жақын орналасқан. Ал оқиға болған тұрғын үй әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арнап бюджет қаржысына салынған. Баланы ұрған әйел бұл үйге қонаққа келгені белгілі болды. Ал бейнежазбаны үй иесінің құрбысы түсіріп алған.
Жазба интернет кеңістігінде кеңінен таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қазіргі уақытта күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Балалар Жаркент қаласындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығына орналастырылды, олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Панфилов аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Ханағаттың айтуынша, бейнежазба үй иесі дүкенге кеткен сәтте түсірілген. Үй иесі телефонын үйде қалдырып кеткен, сол кезде қонаққа келген құрбысы әйелдің баланы ұрып жатқанын видеоға түсіріп алған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Бұл бап 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сонымен қатар, әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесі де қаралуда.