KZNews.kz
Қаржы

Қор нарығы қауіпті ме?

Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Қазір қалталылар Қор нарығына аяқ басып, ақшаларын көбейтуді көздеп жүр. Бүгін де біреу оны байлықтың кілті десе, енді біреу “ақшамнан айырылып қалармын” деп қорқақтайды. Қарапайым тілмен айтқанда, қор нарығы – бұл компаниялар мен инвесторлар кездесетін үлкен алаң.  Мұнда бизнес өз акцияларын сатып, дамуға қаражат жинайды, ал қолында ақшасы барлар оны дереу сатып алып, компанияға түскен қаражаттың бір бөлігін қалтаға салады. Алып компанияның бір бөлігін сатып алғандай, яғни үлескерге айналады. Жалпақ тілмен бұл базар сияқты, тек мұнда картоп емес, компанияның акциясы саудаланады, деп хабарлайды kznews.kz.

Осындай жанданған сауданың орталығына айналған әлемдік деңгейде бірнеше биржа бар. Оның бірі – New York Stock Exchange, тағы бірі – NASDAQ, ал Қазақстанда бұл қызметті Қазақстан қор биржасы (KASE) атқарады, мұнда да ірі компаниялардың акциялары мен облигациялары үнемі айналымда жүреді.

Қор биржасының мағынасын ұғынсақ, әрі қарай қызықтың бәрі «Қор нарығына кіру қауіпті ме?» деген сұрақтан туындайды. Қолыңызға тиген пышақ не зат кеседі, яки абайсыздағы әрекеттен  қолыңызды жаралайды. Сондықтан мәселе құралда емес, оны қолдана білуде. Статистика көрсеткендей, соңғы жүз жылда S&P 500 индексінің орташа жылдық табыстылығы шамамен 9–10% болған, бұл тамшыдан теңіз құралғандай ұзақ мерзімде капиталды еселеуге мүмкіндік береді.

Нобель сыйлығының лауреаты Юджин Фама “нарық тиімді, баға барлық ақпаратты көрсетеді” десе, әйгілі инвестор Уоррен Баффет «Қорыққанда – сатып ал, ашкөздік билегенде – сақ бол» деп, табыстың кілті эмоцияны басқаруда екенін айтады, ал психолог Даниэль Канеман адам көбіне логикамен емес, сезіммен шешім қабылдайтынын дәлелдеп, нарықтағы дүрбелеңнің себебі де сонда екенін түсіндіреді.

Қазақстанда да соңғы жылдары жеке инвесторлар саны күн сайын артып келеді. Әсіресе, әжептәуір халықтың ықыласына бөленіп жүрген Freedom Finance секілді брокерлер арқылы шетелдік акцияларға қол жеткізіп, халық депозиттен бөлек құралдарға қызығушылық таныта бастады. Қаржылық тұрғыдан ашылған сауаттың көңіл қуантатыны сөзсіз. Бұрынғыдай тапқанды дереу шұлыққа жинайтын кезеңдер өтіп, адамдар ақша табудың түрлі көзін іздеп, оқып, біле бастады. Шетелдік акцияларға қолжетімділік кеңейген соң, «жатып ішер жалқаулықтан» гөрі, «тәуекел ет те, тас жар» деген ұстаным белең алғанын да жасырмаймыз.

Бірақ ақша бар жерде тәуекел қоса жүреді, сондықтан әуелі ауыз күйіп қалмаудың қамын ойлау керек. Себебі валюта бағамының өзгеруі, компания табысының төмендеуі, жаһандық дағдарыстар – мұның бәрі бағаға тікелей әсер етеді. Оған айқын мысал, 2020 жылғы пандемия кезінде әлемдік индекстер бірнеше апта ішінде күрт төмендеп, талайлардың қан қысымын көтеріп жіберді. Тарихи максимумдарға жеткен соң бұл акциялар сабырсыздардың соры, ал шыдамдылардың қанжығасын майлады. Дәл осындай 2008 жылы экономикада орын алған жаһандық дағдарыс әлемді дүр сілкіндірді. Нью-Йорк қор биржасы (NYSE) мен NASDAQ-та акциялардың бағасы 30–50%-ға күрт төмендеді. Ал Қазақстандағы қор нарығынындағы сәтсіздіктерден талайдың салы суға кеткен. Мысалы, 1997-1998 жылы тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бағаның тұрақсыздығы, компаниялардың қаржылық есеп беру мәдениетінің болмауы, және инвесторлар сенімінің төмендігінен қор нарығы көпке дейін қарқынды жұмыс істей алмады. 2008 жылы әлемдік дауылдың салдары бізге де жетіп келді. Ал 2015-2016 жылы қара алтынның құны құлдырап, қор нарығына үлкен соққы жасады. 

Сондықтан «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, барлық ақшаны бір ғана акцияға салу – өз қолыңмен тәуекелді ұлғайту, мұны «Инвестордың ең үлкен жауы – өзі» деп қаржы теоретигі Бенджамин Грэм де ескерткен. Шынында қор нарығының өзі қауіпті емес, қауіптісі – білімсіз, жоспарсыз, эмоцияға ерік беру, тұсау салу. Стратегия, сабыр және жүйелілік бар жерде ғана байлыққа белшеден батуға мүмкіндік көп. Себебі акция - ақылдылар мен сабырлыларға арналған ойын құралы.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →