KZNews.kz
Сарапшы пікірі

Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясы: Онлайн сауда 2030 жылға дейін 20% үлесті алмақ

Абзал Бахытжан
Фото: freepik.com

Саясаттанушы Әділ Қаукенов: Электрондық сауданың жаңа трендтері

Қытайда жүргенде ең алдымен таң қалдыратыны - интернет-дүкендердің ауқымы мен цифрлық өмір салтының терең сіңіп кеткені. Тұрғындар күнделікті қажеттіліктерін дүкен араламай-ақ, бүкіләлемдік алаңдар арқылы онлайн сатып алғанды жөн көреді. Бұл үрдіс Қытай халқының ғана емес, бүкіл әлемдегі электрондық коммерцияның дамуына түрткі болды.

Көрші ел ретінде Қазақстан бұл өзгерістерді ерекше сезінді. Онлайн-сауданың өсуі еліміздің соңғы жылдардағы экономикалық өміріндегі ең елеулі құбылыстардың бірі болды. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда елімізде электрондық сауда көлемі жеті есеге өсіп, 3,2 триллион теңгеге жеткен. Бұл - бөлшек сауда айналымының 14,1 пайызы. Мұндай көрсеткіштер отандастарымыздың цифрлық саудаға деген сұранысының жоғары екенін, сонымен қатар ел ішіндегі цифрлық инфрақұрылымның да жетіліп келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан бұл бағыттағы саясатын төрт негізгі қағидатқа сүйене отырып дамытып жатыр: технологиялық даму, қолжетімділік, нарық қатысушыларының құқықтарын қорғау және халықаралық ынтымақтастық. Электрондық және биржалық сауда департаментінің директоры Ғалия-Бану Мейірбаеваның айтуынша, еліміздің алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі - 2030 жылға қарай онлайн сауда үлесін 20 пайызға жеткізу. Бұл үшін мемлекет арнайы Электрондық сауданы дамыту жоспарын қабылдап, заңнаманы жетілдіру, тұрғындарға арналған оқыту бағдарламаларын іске қосу, логистиканы дамыту және кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету шараларын қолға алған.

Электрондық сауданың тағы бір маңызды бағыты - цифрлық технологияларды дамыту. Жасанды интеллект, автоматтандыру, виртуалды көмекшілер сияқты құралдар компанияларға тұтынушылардың сұранысын тереңірек түсінуге және қызмет көрсету моделін икемді етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, финтех инфрақұрылымы мен жастар арасындағы жоғары цифрлық сауаттылық - еліміздің тағы бір бәсекелестік артықшылығы.

Бүгінде елімізде 8 миллионнан астам белсенді электрондық сауда пайдаланушысы бар. Олардың басым бөлігі - онлайн сатып алудың тиімділігін түсінетін жастар.

Мемлекет электрондық сауданың қауіпсіздігіне де үлкен мән беріп отыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, онлайн сауданың ашықтығын қамтамасыз ету, әділетсіз бәсекеге қарсы күрес - бұл еліміз құрып жатқан экожүйенің маңызды элементтері.

Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істеп келеді: ДСҰ, ЕАЭО, ШЫҰ және БҰҰ аясында цифрлық кеңістікті дамыту және трансшекаралық сауданы жеңілдету мәселелері талқылануда. 2025 жылғы сәуірде Пәкістанмен e-commerce саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы - осы бағыттағы ілгерілеудің бір көрінісі.

Пәкістанда өткен Электрондық сауда және логистикаға қолжетімділік жөніндегі Саммитте Қазақстан тарапынан ортақ шешімдерді бірге қабылдау мен тәжірибе алмасу арқылы өңірлік тұрақты сауда құрылымын қалыптастыруға сенім білдірілді.

Осылайша, ашықтық пен технологиялық жаңашылдық қағидаттарына сүйенген Қазақстан цифрлық сауданы экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналдыруға ұмтылуда. Және қазіргі қарқынмен алдағы онжылдықта бұл сала ұлттық экономиканың тірек саласына айналуы әбден мүмкін.

Абзал Бахытжан
Автордың басқа материалдары