Шымкент қаласындағы кәсіпорындардың бірінде қазақстандық спортшы Әділ Тілектес қайтыс болды. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға кәсіпорын аумағында жұмыс жүргізіліп жатқан кезде болған. Алдын ала дерек бойынша, ер адам электр тогына түсіп, ауыр жарақат алған. Жарақаты салдарынан ол көз жұмған.
Қазір аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған қажетті шараларды қолға алған. Ведомство әзірге басқа мәлімет таратқан жоқ.
Sportbugin.kz марқұмның досына сілтеме жасап хабарлағандай, Әділ Тілектес кафель шығаратын зауытта жұмыс істеген. Оның танысының айтуынша, спортшы жұмыс барысында электр сымына абайсызда тиіп кетіп, ток соққысынан кейін биіктіктен құлаған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмағаны айтылады.
Әділ Тілектес жас кезінен спортпен айналысып, еркін және грек-рим күресінен түрлі жарыстарға қатысқан. Ол есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадаларында жүлдегер атанған.
2018 жылы Ақтөбеде өткен есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының II спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ал 2019 жылы Қостанайда ұйымдастырылған ересектер арасындағы грек-рим күресінен командалық Қазақстан чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленді.
Бұдан бөлек, Адил Тілектес республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар жарыстарда жүлдеге іліккен.