Қазақстан Қытайдағы Әлем кубогында төртінші алтынды иеленді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақ тілі: даудан дамуға дейінгі бұралаң жол

Қазақ тілі: даудан дамуға дейінгі бұралаң жол
Фото: ашық дереккөздерден

Қазақстан қоғамында мемлекеттік тіл мәселесі жаңа сипатқа ие болып отырғанын кейінгі оқиғалар дәлелдеді. Яғни, бұрын қазақ тілі туралы пікірталастар көбіне саяси ұрандар мен эмоциялық талаптар аясында өрбіп келсе, бүгінде мәселе күнделікті өмірдегі нақты қажеттілік деңгейіне көтерілді. Бұл құбылыс қоғамның тілге деген көзқарасының өзгергенін көрсетеді.

Қазақ тілінің қазіргі жағдайын сараласақ, басты мәселе тілдің мәртебесінде емес, оның қоғамдық қатынастардағы толыққанды қызмет етуінде жатыр деуге болады. Рас, Конституцияда мемлекеттік тіл мәртебесі айқын белгіленгенімен, азаматтардың қазақ тілінде сапалы қызмет алу құқығы барлық салада бірдей қамтамасыз етілмейтіндігін мойындауымыз керек.

Жалпы, тіл төңірегіндегі қоғамдық пікірталастардың күшеюі кейде қайшылық сияқты көрінеді. Алайда, бұл жағдай қазақ тілінің әлсіреуінен емес, керісінше оның қоғамдық маңызының артуынан туындап отыр. Қоғам мемлекеттік тілге қатысты талаптарын бұрынғыдан әлдеқайда ашық білдіре бастады. Демек, тіл мәселесі енді тар шеңбердегі белсенді топтардың емес, жалпыұлттық сұраныстың тақырыбына айналды.

Бұған әсер етіп отырған маңызды фактордың бірі демографиялық өзгерістер екенін ашық айтатын уақыт келді. Соңғы жылдары мектеп бітіріп жатқан түлектердің басым бөлігі қазақ тілінде білім алған жастардан құралуда. Бұл жаңа буын еңбек нарығына, мемлекеттік қызметке және бизнес саласына келген сайын қазақ тілінде қызмет көрсетуге деген сұраныс арта түседі. Яғни, тілдің болашағын заңнан бұрын қоғамның өзі айқындай бастады.

Мысалы, 2022–2023 оқу жылында Қазақстандағы 3,48 млн оқушының 2,31 миллионы немесе 66,2 пайызы қазақ тілінде білім алған. Ал бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 70 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Бұл қазақ тілінің болашағын айқындайтын негізгі демографиялық көрсеткіштердің бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Керісінше, бұл көрсеткіш мемлекеттік тілдің әлеуметтік базасы жыл сайын ұлғайып келе жатқанын білдіреді.

Бір қарағанда, қоғамдағы тіл төңірегіндегі пікірталастар қазақ тілінің әлсіздігін көрсететіндей көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде жағдай керісінше. Қазақ тілін қолданушылар саны көбейген сайын оған қойылатын талап та күшейіп келеді. Яғни ендігі дау мемлекеттік тілдің қажет немесе қажет еместігі туралы емес, оның мемлекет пен қоғам өміріндегі нақты орны туралы талаптан шығуы кәдік. Ал қазақ тілінің заманауи үрдістерге қатысты сұранысы туралы күдік болмауға тиіс. Өйткені, цифрлық кеңістіктегі өзгерістер де мемлекеттік тілдің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контент көлемі айтарлықтай өсті. Бұрын қазақ тілін қорғау туралы пікірталастар негізгі тақырып болса, қазір қазақ тілінде сапалы ақпарат өндіру, бизнес жүргізу, ғылыми өнім жасау мәселесі алдыңғы орынға шықты.

Алайда, түйткілдер де аз емес. Мемлекеттік органдардың, қызмет көрсету орындарының, қаржы ұйымдарының және ақпараттық ресурстардың бір бөлігінде қазақ тілі әлі де негізгі коммуникация тіліне айнала қойған жоқ. Яғни, мемлекеттік тілдің қоғамдық мәртебесі мен практикалық қолданысы арасында алшақтық әлі де бар.

Тағы бір маңызды мәселе тіл саясатының қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту құралына айнала алмауында жатыр. Қазақ тілінің дамуы басқа тілдердің қолданысын шектеу арқылы емес, мемлекеттік тілге қатысты заң талабы арқылы жүзеге асып отырғанына қарамастан, кейбір өзге ұлт өкілдері мен қазақша сөйлеуді меңгермеген отандастарымыздың арасында мемлекеттік тілге деген құрмет пен парыз сезімінің төмендігі жиі байқалады.

Әрине, бұл өкінішті жағдай. Соның кесірінен қоғамдық пікір ғана емес, қоғамдық келісімге қатысты да сұрақ көбейгені жасырын емес. Оның бір мысалын біз бұған дейін айтқанбыз. Қайталап та жаздық. Тағы да тоқталдық.

Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ тілі бұрынғыдай қорғануға мұқтаж тіл емес. Керісінше, қоғам тарапынан нақты сұранысқа ие болып отырған даму кезеңіндегі тіл. Сондықтан ендігі мәселе қазақ тілін сақтау емес, оны заманауи Қазақстанның негізгі жұмыс тіліне айналдыру болып отыр. Тек бұған дәл қазіргідей қазақ тілді орта ғана емес, тұтас саяси идеологиялық механизм мен атқарушы билік те тарихи жауапкершілік алуға тиіс сияқты...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.