Суы азайған Сыр, мұнайы сарқылған Құмкөл: Қызылорданың келешегі неде?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Алдымен құбыр, кейін асфальт: Алматыдағы қазылған жолдар қашан қалпына келеді?

Алдымен құбыр, кейін асфальт: Алматыдағы қазылған жолдар қашан қалпына келеді?
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Бостандық ауданында инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтің айтуынша, құбырларды төсеу және тексеру аяқталғаннан кейін мердігерлер қазылған учаскелерге 72 сағат ішінде асфальт төсеуге міндетті. Жұмысты созған компанияларға 45 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі ауқымды қазба жұмыстарының себептері мен жолдарды қалпына келтіру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Азамат Қалдыбеков тұрғындардың жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуына қатысты наразылығы орынды екенін айтты. Дегенмен жолға асфальт төсемес бұрын жер астындағы ескі желілерді ауыстыру қажет.

«Қазба жұмысының қашан аяқталатынын сұрап, наразылық білдіріп отырған тұрғындардың талабы орынды. Алайда жер астында қырық жыл бойы жаңартылмаған құбыр жатса, жаңа асфальт төсегеннен пайда жоқ. Қыс мезгілінде апат болған жағдайда жолды бәрібір қайта ашып, жөндеуге тура келеді. Сондықтан алдымен инженерлік желілерді ретке келтіріп, содан кейін жол жамылғысын қалпына келтіру қажет», – деді әкім.

Инвестициялық бағдарлама аясында ауданда 154 шақырым электр желісін жаңғырту басталған. Жаңа желілер ПС-6А, ПС-3А және «Алатау» қосалқы станцияларынан тартылады. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 25 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар сегіз нысанда жалпы ұзындығы 7,3 шақырым су құбыры мен кәріз желісі ауыстырылып жатыр. Жұмыстар Бұқар жырау, Басенов, Сырғабеков көшелерін, «Орбита-1», «Орбита-3» шағын аудандарын және №145 мектеп аумағын қамтиды.

Жылумен қамту саласында да сегіз нысанда күрделі жөндеу қолға алынған. Олардың қатарында Масаншы көшесіндегі жылу магистралі, Березовский көшесіндегі сорғы станциясы және Көктем-3 шағын ауданындағы жылу желілері бар. Бұдан бөлек, 12 нысанда газ инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.

Ауданда 17 көшедегі жалпы ұзындығы 17,2 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Қараша айының соңына дейін тағы 19 көшедегі 12,9 шақырым жол учаскесінде жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ 39 мың шаршы метр жолдағы шұңқырлар жөнделіп, мыңнан астам люк пен жаңбыр суын қабылдайтын құдық өздігінен деңгейленетін «қалқымалы» люктерге ауыстырылған. Алты мың шаршы метр техникалық тротуарға брусчатка төселген.

Жыл басынан бері «Алматықалажарық» кәсіпорны сыртқы жарықтандырудың 400 тірегін жаңартып, үш мыңнан астам шамды ауыстырған. Сонымен бірге 39 кабель желісі оқшауланған сыммен қайта тартылған.

Әкімнің айтуынша, жөндеу жұмыстарын созған мердігерлерге шара қолданылып жатыр.

«Құбырды төсеу мен тексеру жұмысы аяқталғаннан кейін мердігерлер қазылған учаскені қалпына келтіріп, үш тәулік, яғни 72 сағат ішінде асфальт төсеуге міндетті. Жұмысты созып, тұрғындарға қолайсыздық жасаған компанияларға 45 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Үш мердігерге қатысты сотқа талап-арыз берілді. Оларды лицензиясынан айыру мен сенімсіз ұйымдар тізіміне енгізу жағы қарастырылып жатыр», – деді Азамат Қалдыбеков.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.