1 қыркүйектен бастап мектептерде не өзгереді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазаннан бастап несиеден айыппұлсыз бас тартуға болады - агенттік

Қазаннан бастап несиеден айыппұлсыз бас тартуға болады - агенттік
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда азаматтарға кейбір несие түрлерінен шарт жасалғаннан кейін 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тартуға мүмкіндік беріледі. Жаңа талаптар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысында бекітілген, деп хабарлайды kznews.kz.

Агенттік тиісті қаулыны 2026 жылғы 3 тамызда қабылдаған. Құжат 12 тамызда ресми жарияланды және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Яғни жаңа талаптар биыл қазан айынан бастап қолданыла бастайды.

Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – тұтынушының кепілмен қамтамасыз етілмеген қарыздан 14 күн ішінде бас тарту құқығы.

– Қаржы ұйымы қаржылық қызметтерді тұтынушыға шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде тұрақсыздық айыбын немесе өзге де айыппұл санкцияларын өндіріп алмай, қаржы өнімінен және (немесе) қосымша қызметтен бас тарту құқығын қамтамасыз етеді, – делінген қаулыда.

Бұл талап кепілсіз қарызға ғана емес, онымен байланысты ерікті сақтандыру мен қосымша қызметтерге де қатысты.

Алайда бұл несиені 14 күн тегін пайдалануға болады дегенді білдірмейді. Қарыз алушы несиені нақты пайдаланған күндері үшін есептелген сыйақыны төлеуге міндетті. Ал сақтандырудан бас тартқан жағдайда сақтандыру қолданылған кезеңге тиесілі сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі немесе компанияның нақты шығындары ұсталып қалуы мүмкін.

Жаңа ережелер банктер мен өзге де қаржы ұйымдарына клиенттің мүмкіндігін ескермей қаржы өнімін ұсынуға да шектеу қояды.

Қаржы ұйымы өнімді ұсынбас бұрын оның клиенттің мақсатына, қажеттілігіне, қаржылық жағдайы мен мүмкіндігіне қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға тиіс. Бұл ретте адамның табысы, шығысы, борыш жүктемесі және өнімге байланысты тәуекелдер ескеріледі.

Егер қаржы өнімі адамның қажеттілігіне немесе қаржылық мүмкіндігіне сәйкес келмесе, оны ұсынуға немесе беруге болмайды.

Сонымен қатар клиентке қосымша қызметтерді мәжбүрлеп таңуға тыйым салынады. Қаржы ұйымдары өнімнің маңызды талаптарын, нақты құнын немесе тәуекелдерін жасыра алмайды. Сондай-ақ клиенттің келісімін алдын ала белгі қойылған жолдар арқылы алуға жол берілмейді.

Қаржы өнімдерінің жарнамасына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Мәселен, жарнамада бір комиссияның жоқ екені айтылып, басқа төлемдер туралы ақпарат жасырылмауы керек. Ал жеңілдетілген мөлшерлеме немесе арнайы шарт ұсынылса, оның қолданылу мерзімімен бірге жеңілдік аяқталғаннан кейінгі стандартты талаптар да көрсетілуге тиіс.

– Жарнамалық материалдарда қаржы өнімінің сипаттамалары, құны, кірістілігі мен тәуекелдері туралы тұтынушыны жаңылыстыруы мүмкін ақпарат болмауға тиіс, – делінген құжатта.

Осылайша, жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін азаматтар кепілсіз кредит алу туралы шешімін қайта қарауға 14 күн уақыт алады. Бірақ қарызды пайдаланған кезең үшін есептелген сыйақыны төлеу міндеті сақталады.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.